Қоғам

Қазақстанда құлдықта болдым деген ресейлік неліктен өтірік айтқанын түсіндірді

Алексей Котов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2021
Жазылу
Котов полицейлерге өз еркімен жұмыс істегенін және кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалуға мүмкіндігі болғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Қазақстанда 20 жылдан бері құлдықта жүрмін деп видео түсірген ресейлік Алексей Котов сөзінен тайқыды, деп хабарлады Қарағанды ​​облысының полиция департаменті.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Қарағанды ​​облысы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері "Шет ауданындағы Мұхтар қыстағында мені күштеп ұстап отыр" деп мәлімдеген ер адамның видеосын анықтады.

Бейнежазбада ол өзін Ресей Федерациясының азаматы Алексей Котовпын деп таныстырған.

Аталған бейнежазбаға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, ақпаратты тексеру мақсатында жедел тергеу тобы оқиға орнына шықты. Полиция қызметкерлері Шет ауданындағы шаруа қожалығының иесі мен Котовты іздеп тапты.

"Ресей елшілігі өкілдерінің көз алдында Котовтан жауап алынды. Ол шаруа қожалығының аумағында өз еркімен жұмыс істегенін, ұялы телефон қолданғанын және кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалуға мүмкіндігі болғанын мәлімдеді", - деп түсінік берді полиция.

Котов шаруа қожалығының иесіне қарсы арыз жазудан бас тартып, ешкімге ешқандай кінә артпайтынын және бейнежазбаны үйіне қайту үшін жазғанын айтты.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Алексей Котовты Нұр-Сұлтанға алып кеткенін, сол жерден үйіне жөнелтілетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар
0