Экономика

Министр көмірдің нақты бағасын атады

© Sputnik / Егор Еремов / Медиабанкке өтуПроизводство древесного угля
Производство древесного угля - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2021
Жазылу
Бұған дейін министрлік тоғыз облыстың әкімдіктері халықты көмірмен қамтамасыз ету шараларын уақытында бақылауға алмағанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов көмір бағасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенаттың жалпы отырысында депутат Ляззат Рысбекова министрден көмірдің бағасы туралы сұрады.

"Қазіргі кезде тасымал мен электр қуатының тарифтері өскеннен кейін тұрмыстық мақсаттағы көмірдің бағасы 9 процентке өсті. Ал жанар-жағармай мен көмірдің бағасы өскен соң, барлық тауарлар қымбаттайды. Осы мәселені шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?", - деді сенатор.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде көмірдің бағасын ұстап тұру мақсатында осы саладағы ірі кәсіпорындармен меморандумдар рәсімделді. Онда көмірдің нақты бағасы көрсетілген.

"Біз Қаражыра, Богатырь мен Шұбаркөл кен орындарымен нақты бағаны келісіп қойдық. Бір тонна үшін 5 200 теңгеден басталады, ал ең қымбат көмір 5 700 теңге болады", - деп атап көрсетті Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, биыл өңірлерде көмір сұранысы 9,3 миллион тоннаны құрады. Осы уақытқа дейін 8,8 тоннасы жеткізілді.

"Вагондар уақытында беріліп тұрады. Аймақтарда жағдай тұрақты. Ол жерде тарату орталықтары бар. Қазір сұраныс өте жоғары болып тұр. Осыған байланысты қараша айында қосымша 484 мың тоннаны жоспарлап қойдық. Қазақстан теміржолы мен карьерлерге қосымша тапсырыс берілді. Сұраныс артса, тапсырысты ұлғайтуға дайынбыз", - дейді Атамқұлов.

Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тоғыз облыстың әкімдіктері халықты көмірмен қамтамасыз ету шараларын уақытында бақылауға алмағанын мәлімдеген. Олар: Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары.

Жаңалықтар
0