НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Қазақстандықтар утилизациялық алымды алып тастау туралы петиция жариялады. Азаматтардың талабына қатысты экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Онлайн петиция Egov.press. сайтында жарияланды.
Қазіргі күні сайттағы санға сүйенсек, оған 130 мың адам қол қойған. Министр елдегі утилизациялық алым өзге елдердегі мөлшерге сай екенін атап өтті.
"Егер біздің утилизациялық алым мөлшерін көрші елдермен, мысалы Ресей, Өзбекстан, Беларусьпен, салыстырсақ 1000-нан 2000 куб сантиметр көліктің алымы миллион теңгеден сәл төмен екенін көруге болады. Ол өзге елдердікімен деңгейлес, тіпті біраз төмен. Бұл жерде бізде градацияның жоқ екені атап өткен жөн. Мысалы біз жаңа, қолданыста болған көлік деп бөліп отырған жоқпыз. Ал Ресейде олай бөлінеді. Үш жылға дейінгі, жеті жылға дейінгі көліктің алым мөлшері әртүрлі", - деді ол.
Журналистер министрден елде утилизациялық алым нормалары қайта қаралмайтынын нақтылауды сұрады. Алайда министр оған екіұшты жауап берді.
"Мен айта алмаймын. Біз мөлшерді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің есептеуі бойынша белгілейміз", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елде 2015 жылдан бер утилизациялық алым талаптары қаралмағанын айтқан болатын.