НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Алматы метросының жолаушыларына пранк жасаған үш жігіт жауапқа тартылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Метрополитендегі полиция басқармасының мәліметінше, үш жас жігіт Алматы метросының жолаушыларына пранк жасаған. Олар музыканы колонка арқылы қатты қойып, азаматтардың наразылығына назар аудармаған.
"Кейбір жолаушылар әуен кенеттен ойнағандықтан қорыққан. Олардың бірі "Жібек жолы" бекетінде қызмет ететін полиция қызметкерлерінен көмек сұрады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар инспектордың заңды талаптарына қарсылық танытты, – деді метрополитендегі ПБ бастығының орынбасары Қайрат Жұрынов.
Оқи отырыңыз: "Пранк" жасаған: Атырауда достарының қалжыңын түсінбеген дүкен иесі істі болды
19 және 22 жастағы жігіттердің әрекеті Қазақстан Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша квалификацияланған. Әкімшілік істің материалдары жинақталып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.