Видео

"Қазақстан аруы" байқауында алғаш рет үш қыз жеңіске жетті – видео

Жазылу
Алматыда өткен "Қазақстан аруы – 2021" байқауында алғаш рет үш бойжеткен жеңіске жетті. Енді үш жеңімпаз халықаралық сұлулық байқауларында Қазақстан намысын қорғайды

"Қазақстан аруы – 2021" байқауының финалына қатысушылар екі апта дайындалған. 28 қыз бақ сынаған сұлулық байқауында соңғы сәтке дейін ешкім кімнің жеңіс тұғырынан көрінетінін білмеді. Олар тіпті бірден үш адамның жеңімпаз болатынынан да хабарсыз болды.

"Қыздарға қуаныш сыйлағымыз келді"

Биыл байқау жиырма бесінші рет өткізілді. "Қазақстан аруы" ұлттық байқауының президенті Алена Қырбасованың айтуынша, ұйымдастырушылар мерейтойға байланысты қатысушы қыздарға қуаныш сыйлағысы келген.

"Бұл біз үшін ең қиын байқау болды. Себебі алғашқы күннен бастап коронавирусқа қатысты талаптарды сақтадық. Сондықтан өңірлік кезеңдер онлайн режимде өтті. Алматыда қыздар әдеттегідей бір ай болған жоқ. Дайындық екі аптаға созылды. Коронавирусқа байланысты талаптар ұйымдастырушыларға да, қатысушы қыздарға да қиын тиді", - дейді ол.

Алайда байқау іріктеуін онлайн форматта өткізудің тиімді тұстары да бар.

"Онлайн формат адамның білім деңгейін, өз ойын қалай жеткізетінін, қанша тіл білетінін, мақсаты мен арманы қандай екенін білуге мүмкіндік берді. Біз алғаш рет өз қатысушыларымыз туралы осындай көп ақпарат алғанымызға таңғалдық. Себебі ұлттық байқау әділқазылары қыздармен жеке танысу үшін уақыт пен мүмкіндік болды", - дейді Алена Қырбасова.

Оқи отырыңыз: "Қазақстан аруы – 2021" ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды 

Ұйымдастырушылар байқауда үш жеңімпаздың халықаралық байқауларға қалай қатысатынын айтты.

"Қазақстан аруы" байқауы 25 жылдығын тойлап жатыр. Ширек ғасыр – бір жоба үшін көп уақыт. Қазір барлық елде жағдай мәз емес. Сондықтан осындай сәтте адамдарға көңіл күй, қуаныш сыйлауға ұмтылу қажет. Себебі қуаныш ертеңгі күннен үміт үзбеуге жетелейді", - дейді "Қазақстан аруы" ұлттық байқауының президенті.

"Енді Қазақстан атынан "Әлем аруы", "Жер жүзі аруы" және "Жаһан аруы" байқауына бүгінгі жеңімпаздар барады. Бұл біздің елімізде жағдайдың жақсарып жатқанын, тұрақтылыққа қадам жасап жатқанымызды көрсетеді. Мұның тиімді жақтары көп, алайда ең алдымен қыздар мен барша қазақстандыққа қуаныш сыйлағымыз келді", - дейді ол.

Жеңімпаздар қуанышы

Байқау нәтижесі бойынша ақтөбелік Назерке Қарманова Қазақстан атынан "Әлем аруы" байқауына қатысады. Ақтөбелік бойжеткен бес ай бұрын Алматыға келген, қазір банк саласында жұмыс істейді.

Sputnik Қазақстан тілшісіне ол өзінің жеңіске жетемін деп ойламағанын айтты.

"...Толқып тұрмын. Жеңемін деген ой болмады, себебі барлық қатысушы мықты, қыздар арасында бәсекелестік қатты болды. Қазір өте қуаныштымын, ең алдымен ата-анама алғысым шексіз. Ал дайындық барысында аса қатты қиын болған жоқ. Екі апта дайындалдық. Өзімнің нақты қандай өнерім арқылы әділқазының ойынан шыққанымды айту қиын. Барлығымен дос болып, араласып кеткенім ескерілген болар", - дейді Назерке.

Қарағандылық Анна Глубоковская Қазақстан атынан "Жер жүзі аруы" байқауына қатысады. Ол бұл байқауға қатысу барысында өзіне толық сенімді болмағанын жасырмады.

"Нәтижесі осындай болады деп күтпедім. Шынымды айтсам, өзіме толық 100% сенімді болмадым, алайда тағдыр жазып, үздіктердің қатарына кірдім. Жеке өзім үшін бұл таңғаларлық жағдай. Екі апта бойы қатты дайындалдық, шыңдалдық. Осы уақыт ішінде бір-бірімізбен достасып үлгердік. Қатысып жатқан қыздың барлығына сәттілік тілеп отырдым", - дейді ол.

Енді қарағандылық бойжеткен сән салонын ашып, өз есімін брендке айналдырғысы келеді.

Нұр-Сұлтан қаласы атынан байқауға қатысқан Айдана Ақантаева "Жаһан аруы" байқауында ел намысын қорғайды. Бұған дейін "Қазақстан аруы" байқауын үзбей тамашалаған Айдана көптен бері бағын сынап көргісі келген.

"Бұған дейінгі байқауларды көріп, жанкүйер болып отыратынмын. Мен үшін дәл осындай байқауға қатысудың маңызы зор болды. Өз қаламның, ел астанасының атынан қатысу мен үшін мәртебе.  Бүгінгі күн эмоцияға толы болды. Өте қатты қуанып тұрмын", - дейді Айдана.

"Қазақстан аруы – 2021" ұлттық байқауы

Байқауда "Қазақстан аруы" тәжі үшін 28 қатысушы бақ сынады. Оның ішінде өңірлерден іріктеліп шыққан жеңімпаздар мен талант, спорт, қайырымыдылық және сән әлеміне қатысты титулдарды жеңген қатысушылар бар.

Финалда Қазақстанның ең сұлу қыздары ARUNAZ отандық сән үйінің киімдері мен Sherri Hill Голливуд брендінің көйлектерін киіп шықты. Ұлттық, кешкі көйлектерден бөлек, көрермендерге таланттар шоуын ұсынды. Оның ішінде "Алматы аруы" Асият Исембаева "Кербез" ұлттық биін орындады, "Астана аруы – 2019" Айзада Хабиболаева прима-қобызда Антонио Вивальдидің "Шторм" композицясын сахнаға алып шықты. Ал "Астана аруы – 2021" Айдана Ахантаева пианинода Батырхан Шүкеновтің "Дождь" әнін орындады.

Sputnik Қазақстан сұлулық байқауының ақпараттық серіктесі және байқаудан шығып қалған 19 жастағы Полина Филимоноваға финалға қатысуға мүмкіндік сыйлады. Осылайша көкшетаулық бойжеткен финалда "Көзімнің қарасы" әнін қазақ тілінде орындады.

Байқау барысында 15 қатысушы іріктелді. Оның ішінде 13 қатысушыны әділқазы алқасы таңдаса, бір қатысушы – таланттар байқауының жеңімпазы, тағы бір қатысушы missqazaqstan.kz сайтында онлайн дауыс беру арқылы таңдалған.

Одан кейін Гранд финалға бес қыз өтті. Оларды әділқазы алқасы таңдады. Артынша тікелей эфир арқылы тағы бір рет дауыс берілді. Гранд финалға шыққан бес қыздың ішінен қазақстандықтар тікелей эфир кезінде жеңімпазды таңдады.

Жаңалықтар
0