Оқиға

Тараздағы төтенше жағдай: электр желісі үзіліп, жылу беру тоқтатылды

© AFP 2024 / APU GOMESПтицы на проводах линии электропередачи
Птицы на проводах линии электропередачи  - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.11.2021
Жазылу
Әкімдік қызметкерлері Тараздағы дауылдың салдары қандай болғанын хабарлады

АЛМАТЫ, 17 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында ауа райы нашарлап, секундына 25 метр жылдамдықпен жел соқты.

Соның салдарынан 17 қараша түскі сағат бірдегі жағдай бойынша Тараз қаласында 5 көпқабатты тұрғын үйдің 50-200 шаршы метрі зақымданды. Сондай-ақ 12 мектеп, 4 бөбекжай-бақшаның 50-300 шаршы метр шатыры қираған.

"Қала көшелерінде 10 электр бағанасы құлап, 0,5 шақырым электр желісі үзілді. Жылу беретін кәсіпорындардағы 5 кіші қазандықта электр желісінің зақымдалуына байланысты жылу беру уақытша тоқтатылды", - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі ағаш, 12 аялдама құлады. 32 бағдаршам істен шықты.

"Таразда 34 билборд, 9 баннері мен 64 жалауша жыртылды. Барлық мектептегі оқушылар сағат 10.00-де үйіне қайтарылып, оқу процесі онлайн жүйеге ауыстырылды", - делінген ақпаратта.

Қазір құлаған ағаштарды кесу және аумағын тазалау жұмыстарына 6 бригада тартылды.

Электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына 21 бригада жұмылдырылған. Электрді қайта қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Газ желілері зақымдалмаған, қалаға газ тұрақты беріліп тұр, деп мәлімдеді әкімдік.

Облыста барлығы 49 адам медициналық көмекке жүгінген. 4-уі ауруханаға жатқызылды.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 4 бала түскен. 3-уі стацинарға жатқызылды.

Медициналық көмекке жүгіндердің басым көпшілігі терезе, қақпаның құлауы салдарынан жарақат алған. 

Айта кетері, 17 қарашада Жамбыл облысында ауа райы күрт нашарлады. Осыған байланысты өңірде кейбір тасжолдар жабылды. Ал полиция алыс сапарға шықпауға кеңес берді.

Қазгидромет ауа райына байланысты Жамбыл облысында дабылды ескерту жариялаған. 17 қарашада Жамбыл облысының оңтүстік-батысында және таулы аудандарында қалың қар жауады. Солтүстік-шығысында, оңтүстік-батысында, таулы аудандарында тұман, көктайғақ мен жаяу бұрқасын болады. Ал желдің екпіні секундына 23-28 метрге, кей кезде 30 метрге дейін жетеді.

Жаңалықтар
0