НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Ақмола облысы Шортанды ауданында болған жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орныбасары Манарбек Шапағатовтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша газ баллонының жарылуына оны дұрыс пайдаланбау себеп болған.
Пәтердегі жарылыс сол үйге тағы бір отбасы қонаққа келгенде болды. Жарылыс кезінде пәтерде 12 адам: сол үйдегі 3 ересек пен 4 бала, сонымен қатар қонақа келген 2 ересек пен үш бала болған.
Көрші пәтердегі тұрғындар жарылыс салдарынан зардап шеккен жоқ. Алайда өрттен көрші пәтерлердің шатырына зақым келген.
"Үш пәтердің шатыры өртеніп кетті. Өрт шыққан пәтерде жарылыс салдарынан төбе жабындысы құлады", - деді Шапағатов брифингте.
Жарылыс салдарынан үш адам - төрт жасар бала, 33 және 32 жастағы әйел көз жұмды.
10 адам зардап шекті. Олардың арасында балалар бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқарамасы басшысы Нариман Сыздықовтың айтуынша, төрт бала Нұр-Сұлтан қаласының №2 балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
"Жансақтау бөліміндегі балалардың жағдайы ауыр. 2009 жылы туған ұлдың жағдайы аса ауыр. 2012 жылы туған қыз жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды", - деді Сыздықов.
Сонымен қатар түрлі деңгейдегі күйік алған екі ер адам елорданың №1 ауруханасына жеткізілді.
Тағы бір бала мен әйел Шортанды аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Қалған зардап шеккендер амбулаториялық ем қабылдауда.
Шортанды ауданындағы жарылыс
Ақмола облысындағы Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, үш адам қайтыс болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ресми мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 16 қарашада кешкі сағат 21:38-де Шортанды елді мекенінің Линейная көшесінде болған. Барақ үлгісіндегі салынған үйде газ жарылып, арты өртке ұласқан. Тілсіз жау 350 шаршы метрге шарпыған. Жарылыс болған пәтерден 3 адамның мәйіті табылды.