НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шекара маңында орналасқан елді мекендерді дамытуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы кезде шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ, шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында.
Президент үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі ұсыныс енгізуді тапсырды.
16 қарашада астанада президенттің қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті.
Жиын барысында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы, кеңес мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелері жөніндегі ұсыныстары талқыланды.