НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша — Sputnik. "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев "Лукойл" ЖАҚ президенті Вагит Алекперовпен кездесті, деп хабарлады деп хабарлады "Қазмұнайгаз" компаниясының баспасөз қызметі.
Тараптар ынтымақтастық және Қазақстан аумағында бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында "Қаламқас-теңіз және Хазар" жобасы бойынша қағидаттар туралы келісімге қол қойылды. Құжат "Қазмұнайгаз" бен "ЛУКОЙЛ" компаниялары арасында кен орындарды бірлесіп игерудің тұжырымдамасын, талаптары мен шарттарын айқындау жөнінде одан әрі келіссөз жүргізуді көздейді.
"ҚазМұнайГаз бен Лукойл компанияларын көп жылдан бері жалғасып келе жатқан табысты ынтымақтастық байланыстырады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта отырып, "Қаламқас-теңіз және Хазар" жобасы бойынша келісімге қол қойдық. Жобаның іске асырылуы біздің өзара тиімді серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін", - деп атап өтті Алик Айдарбаев.
"Біз Қағидаттар туралы келісімге қол қоя отырып, үйлесімді ықпалдастықтың берік негізін қалаймыз. Компанияларымыздың мұнай өнеркәсібіндегі мол тәжірибесін пайдаланып, жаңа бастамалар мен жобаларды іске асыра алатынымызға қуаныштымыз", - деді Вагит Алекперов.
Айта кетейік, қос компания Қарашығанақ, Теңіз, Әл-Фараби, Жеңіс жобаларына, Каспий Құбыр Консорциумы мұнай тасымалдау жобасына, сондай-ақ Хвалынск және Орталық кен орындарын игеру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарға қатысады.