Қобыз – қазақтың ең көне аспаптарының бірі. Қобыздың мойны имек, шанағы ожау тәрізді қуыс, бет жағы ашық, ал түбі көнмен қапталады. Қобыздың ішегі мен садақ тәрізді ысқышы жылқының қылынан тағылады. Ертеде қобыз үлкен бүтін кептірілген ағаштан жонып жасалған.
Қобыздың екі ішегіне және ысқышына аттың құйрығының қылы тағылады. Соль ішегіне 50-60 шақты, ре ішегіне 60-70 шақты қыл таққан. Қылды қобыздың бойына жететіндей етіп талдап алады, жылы сумен сабындап жуып, екі күндей үй температурасында кептіреді. Содан кейін топтастырып, байлап, қобызға тағады. Тиектің соль ішегі тұрған шеті қобыздың қырына орналасады, ре ішегі тұрған шеті терінің үстінде тұрады. Садақ тәрізді ысқышына 200 шамасында қыл тағылады.
Қобыз құдіреті
Бақсылар қобызды аса қадірлеп, құдіретті күш санап, тойда немесе басқа ойын-сауық кештерінде пайдалануға тыйым салған деген дерек бар. Сондай-ақ олар өз сарынын жаздыруға қарсы болған. Содан болар, бізге дейін "Аққу", "Қорқыттың күйі", "Жез киік", "Қасқырдың ұлуы", "Қоңыр күйі" секілді санаулы қобыз күйі жеткен.
Бақсылар қобыз арқылы ауру-сырқаудан айықтырғаны туралы да аңыз бар.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қорқыт аспабы ұлттық аспап ретінде қайта жанданды. Соған байланысты қобыз қайтадан жабдықталды. Қосымша ішек орнату арқылы диапазоны кеңейіп, дыбыс сапасы өңделе бастады. Қобыздың жалпы түрі, формасы жақсарды.
Аспапта ойнау техникасы жетілдірілді, үн шығару мен ойнау шеберлігін арттырды. 1956 жылдан бастап қобызды қайта жабдықтау қажеттілігіне байланысты оған төртінші ішек тағылды. Соған байланысты орындаушылардың мүмкіндігі молайды, жаңа туындылар дүниеге келді.
Қазір қобыздың екі түрі бар – екі ішегі қылдан жасалған, нәзік қоңыр әуенді байырғы қылқобыз, екіншісі – темір сым мен қой ішегі тағылған, төрт ішекті жіңішке дыбысты қобыз.
Екі ішекті қылқобыз күйлерді халық дәстүрі бойынша орындауға мүмкіндік береді. Ал төрт ішекті қобыз халық музыкасымен бірге классикалық шығармаларды орындауға бейімделген.
Қобыз құрылысы
Қобыздың екі құлағы болады, одан төмен кіші тиек орналасады. Құлағы мен кіші тиек тұрған жерді қобыздың басы деп атайды. Екі ішегі Ккші тиекке байланып тұрады. Ол қобыздың мойны арқылы қобыздың шанағына түседі. Ол жерде үлкен тиектен өтіп, түймесіне байланады. Қобыздың мойнынан кейін ойықша орналасады, оны желдік деп атайды. Желдіктен мойнына қарай жазық ағаш тұрады, оның үстіне үлкен тиек орналасады, аспаптың ол бөлігін қапталған тері деп атайды.
Қобыз ысқышы төрт бөліктен тұрады. Басына қыл ішек байланып, тұтқасына дейін тартылады. Ысқышты ұстап тұратын таяғы болады.
Қорқыт пен қобыз – егіз ұғым
Қазақ халық поэзиясында Қорқыт қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – қобызды тұңғыш жасаушы ретінде жырланады. Қобызды жасаушы да, таратушы да – Қорқыт.
Қобыздың жасалуы өлең жолдарында суреттелген:
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Ақ қайыңның безінен
Қағып алған қобызым.
Әзегінен қара емен
Ойып алған қобызым.
Қыл құйрығын тұлпардың
Ішек қылған қобызым.
Таутекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым.
Қазақ арасындағы аңыздарда Қорқыт көпті көрген, ойшыл дария, атақты қобызшы ретінде суреттеледі.
Қорқыт қобызын ойнағанда ұшқан құс, жүгірген аң барлық тіршілік иесі үн-түнсіз тыңдайды екен.
Бізге жеткен екі ішекті аспапта орындалатын қобыз күйлерінің авторы Қорқыт деп көрсетілген. Олардың арасында "Тарғыл тана", "Башпай" күйлері бар. Әрқайсының шығу тарихы туралы да аңыз бар.
Бір күні Желмаясымен келе жатқан Қорқыттың алдынан бір тарғыл тана қуып жүрген кемпір жолығады. Ол Қорқыттан "баспағымды қайтарып жіберші" деп өтінеді. Құбылаға қарай қашқан тананы Қорқыт қуа жөнеледі. Қуып жетіп қайтарайын десе, әлгі тана жеткізбейді. Ызаланған Қорқыт "осы тананы қуып жетіп, қайыра алмасам, жер басып, Қорқыт атанып жүргенім құрысын. Өлсем де жетемін" деп өршелене қуады. Мұны естіген тәңірі тарғыл тананы тасқа айналдырып жібереді. Денесі тасқа айналып бара жатқанда тарғыл танаға тіл бітіп:
Менің өзім қара едім,
Қарадан туған ала едім.
Туған жерім – Қазалы,
Мынау тау болды-ау ажалым, деп қиналған көрінеді. Сонда Қорқыт қобызын алып, "Тарғыл тана" күйін шығарған.
Кей деректе қобыз – қиын-қыстау, тар жолда Қорқыттың өзегін талдырмас қорегі, ақыл-ойын өрбіткен, арып-шаршағанда шабыт берген, сергіткен серігі болғаны айтылады. Оны Қорқыттың өлеңінен де көруге болады.
Жиһан кезіп жүргенде,
Серік қылған қобызым.
Өзек талған кезімде,
Талшық қылған қобызым.
Таусылғанда амалым,
Нақыл берген қобызым.
Шағылғанда тауаным,
Ақыл берген қобызым.
Шалдыққанда шаршатпай,
Сүйеу болған қобызым.
Жабыққанда мұңайтпай,
Сазым болған қобызым.
Замананың сағымын,
Күй ғып тартқан қобызым.
Сарылғанның саласын,
Сыр ғып тартқан қобызым.