НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Қазақстандықтар Pfizer вакцинасы ақылы түрде салдыра алады. Үкімет денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой азаматтарды ақылы түрде вакциналау үшін Comirnaty (Pfizer) вакцинасын коммерциялық нарықта сатуды ұсынды. Үкімет бұл ұсынысты қолдады.
"Адамдардың өздерінің тандауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сегментіне жеткізу мүмкіндігі туралы ұсынысты қолдаймын", - деді премьер-министр Асқар Мамин үкімет отырысында.
Ол қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен вакциналауға жататын санаттар кеңейтіліп жатқанын атап өтті.
Жуырда Қазақстанға Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді. Екінші партия 20 қарашаға дейін жеткізіледі.
Қазір бұл препаратпен вакциналау 7 өңірде – Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында басталды.
Бүгінгі таңда 1313 бала, 247 жүкті және бала емізетін әйелге Pfizer вакцинасы егілді.