АЛМАТЫ, 15 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дәулет Сембаевтың қазасына байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі қаржыгер Дәулет Сембаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
"Дәулет Хамитұлы зауыт шеберінен премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Ұлттық банк төрағасы қызметіне дейінгі үлкен өмірлік әрі кәсіби жолдан өтті. Оның еліміздегі қаржы секторын қалыптастыруға және дамытуға, ұлттық валютаны енгізуге, Тәуелсіз Қазақстанның зейнетақы реформасын жүргізуге сіңірген еңбегі зор. Ол жаңа экономикалық саясаттың жолға қойылуына өлшеусіз үлес қосты. Парламент Сенатының депутаты, Қаржыгерлер ассоциациясы кеңесінің төрағасы ретінде қаржылық-экономикалық заңнаманы жетілдіру үшін ауқымды әрі тиімді жұмыс істеді", - делінген жеделхатта.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Дәулет Сембаевтың зор бедел мен құрметке ие болғанын және жас қаржыгерлер буыны оны үлгі тұтатынын атап өтті.
Айта кетері, 15 қарашада белгілі қазақстандық қаржыгер Дәулет Сембаев 87 жасына қараған шағында қайтыс болды.
Бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дәулет Сембаевтың қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Елбасы Дәулет Сембаевтың жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.
Дәулет Сембаевтың өмірбаяны
Дәулет Сембаев 1935 жылы 10 тамызда дүниеге келген.
1991-1993 жылдары Қазақстан премьер-министрінің орынбасары және бірінші орынбасары болды.
1993-1996 жылдары Ұлттық банкті басқарды.
1996-1997 жылдары Сенат депутаты болды.
Әр жылдары Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығын басқарды, 2005 жылдан бастап Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің құрметті төрағасы болды.
Дәулет Сембаев Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының құрамына кірді, Ұлттық Банк басқарған жылдары Қазақстанда ұлттық валюта – теңгені енгізді.