АЛМАТЫ, 15 қараша – Sputnik. Қазақстанда оқушыларға арналған президенттік олимпиада басталды, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі.
Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ХІV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Министрлік пен отандық жоғары оқу орындары арасындағы келісім бойынша жеңімпаздарға білім гранттары беріледі.
Қорытынды кезең Бөкетов атындағы Қарағанды университеті базасында өтіп жатыр.
Олимпиада 15 қараша басталып, 18 қарашаға дейін жалғасады. Зияткерлік байқауда еліміздің барлық өңірінен 182 оқушы бақ сынайды.
Айта кетері, Президенттік олимпиадаға 11 (12) сынып оқушылары қатысады. Оларға төрт пән бойынша – математика, физика, химия және биологиядан тапсырмалар беріледі.
Президенттік олимпиадаға қатысушылардың жұмысын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлері, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының PhD докторлары бағалайды.
Конкурстың қалай өтіп жатқанын онлайн (http://daryn.kz) көруге болады.