Оқиға

Мектеп дәретханасында соққыға жығылған ақтаулық оқушы ауруханаға түсті

CC0 / Wokandapix / Подросток за забором, архивное фото
Подросток за забором, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.11.2021
Жазылу
Баланың туыстары мектеп басшылығын жауапқа шақыруға тырысты. Бірақ оқу орнындағылар бұл жағдайдан өздері де шошып отырғанын жеткізді

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша — Sputnik. Ақтауда 9-сынып оқушысы мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін ауруханаға түсті.

Жасөспірімнің жағы сынған, ми гематомасы диагнозы қойылды, жағдайы ауыр. 

Оқушының анасы Бибігүл Жонабаева КТК телеарнасына берген сұхбатында баласы таңертең мектепке әдеттегідей кеткенін жеткізді. Біраз уақыттан соң ұлы соққыға жығылғанын айтып хабарласқан. 

"Сабақ үстінде өзге сыныптың бірнеше баласы шақырған. Олар бұған дейін де ақша талап еткен. Ол сыныптан асханаға баруға қорыққан. Төлеуден бас тартқан кезде соққыға жыққан. Дені сау баланы мектепке жібердік. Енді кім жауап береді?", - деді әйел. 

Оқушының анасы мұғалімдер мен мектеп инспекторы қайда қарап отырғанын түсінбейді. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары оқиғаның алдын алуға неге көмектеспегені белгісіз.

Бұл істі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарайтын болады. Баланың туыстары мектеп басшылығын жауапқа шақыруға тырысты. Бірақ оқу орнындағылар бұл жағдайдан өздері де шошып отырғанын жеткізді. Бұрын ата-аналардың ешқайсысынан жасөспірімдер арасындағы бопсалау мен жанжал туралы хабар түспеген. Осы оқиғадан кейін жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық әңгіме өткізілді.

Мектеп директоры Зарухан Мамутова мектепте 36 бейнебақылау камерасы орнатылғанын хабарлады. Әрбір жазба бір ай бойы сақталады. Бірақ дәретханаларда камералар жоқ.

"Бізде әрдайым профилактикалық іс-шаралар өткізіледі, біз оқушыларға мінез-құлық ережелерін түсіндіреміз. Бұрын бұл біздің мектепте болған емес. Сондықтан қазір біз жоғары сынып оқушыларымен жиналыс өткіздік", - деді директор.

14 жастағы оқушы кем дегенде екі апта ауруханада болады.

Ақтау қаласының полиция басқармасы іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша тіркелгенін хабарлады. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтар
0