НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. "Абай" шахтасында адам өліміне әкеліп соққан апат кезінде ауаға 8 мың текше метрден астам метан газы тараған. Бұл туралы Төтенше жағдай министрі мәлімдеді. Тексеру кезінде бірнеше рет "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталған.
Қарағандылық кеншілер өндіріс орнынан өздерінің жұмыстан аман- есен үйлеріне оралуына кепілдік беруді талап етуде, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Абай" шахтасында болған апаттан кейін қарағандылық кеншілер тағы бас көтерді. Олар әбден тозған қондырғыларды жаңартып, жұмыс күшін көбейтуді, жылдар бойы өзгеріссіз тұрған жалақыны көтеруді сұрайды. Кеншілер тау- кен жоспарына да өзгерістер енгізуді талап етуде.
Бұл туралы "Қорғау" көміршілер кәсіподағының төрағасы ресми мәлімдеме жасады.
"Абай шахтасындағы апат кеншілердің проблемасын тағы да ашып берді. Ең бастысы қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, компания шахтерлардың жұмыстан кейін аман-есен үйлеріне оралуына кепілдік берсін. Біздің кәсіпорындарда жұмыс күші жетіспейді. Сөйте тұра қондырғылар әбден тозған. Осындай жағдайда көмір қазып өмірін қауіпке тігетін адамдардың жалақысын да көтеру керек", - дейді "Қорғау" көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
"Абай" шахтасындағы апат 6 адамның өмірін қиды. 2 кенші әлі ауыр хәлде жатыр.
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, апат кезінде 8 мың текше метрден астам метан газы тараған. 100 тоннадан астам тау-кен үйіндісі түскен. Шахтаны тазарту жұмыстары әлі жүріп жатыр.