НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Қарағанды қаласында жас қыз мүгедектің мойнына бес бірдей кредит іліп, соңғы ақшасын өз есепшотына аударып алған, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, Октябрь ауданы полиция бөліміне 52 жастағы мүгедек әйел арызданған. Белгісіз біреу оның атынан үш кредит рәсімдеп, 459 мың теңгесін басқа есепшотқа аударып алған. Шығынның жалпы сомасы 1 миллион 804 мың теңгені құрады.
"9 қараша күні жедел іздестіру шаралары барысында 18 жастағы қыз ұсталды. Ол кінәсін мойындады. Күдікті жәбір көрген әйелге қарап жүрген. Жеке мәліметтерін біліп алғаннан кейін арам ойын іске асырған", - дейді полицейлер.
Тергеу кезінде күдіктінің мүгедек әйелдің атына тағы екі кредит рәсімдегені анықталды. Осылайша оған келген залалдың жалпы көлемі 2 миллион784 теңгеге жетті.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оған сәйкес, мүлкі тәркіленіп, 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (2 917 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқи отырыңыз: