НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Полиция қызметкерлері Ресей нөмірін таққан көліктердің жол ережесін жиі бұзатынын мәлімдеп, жүргізушілерге ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматыда жыл басынан бері Ресей нөмірін таққан көлік жүргізушілері 60 мың рет тәртіп бұзған. Ал айыппұлдың жалпы сомасы 21,3 миллион теңгеден асып отыр.
"Ашығын айту керек, осы санаттағы көлік жүргізушілердің тәртібі нашар. Олар шет мемлекеттердің нөмірлері "Жол қозғалысы қауіпсіздігі" және "Сергек" автоматтандырылған ақпарат жүйелеріне түспейді деп ойлайды да, жол ережесін бұзып жүре береді. Жылдамдықты шектен тыс асырады, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай, қиылыстарды кесіп өтеді, қарсы келе жатқан жолаққа өтеді, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамайды және тағысын тағы. Ал ондай мәдениетсіздік көп жағдайда қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырады", - дейді Алматы қалалық полиция бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Оның айтуынша, тәртіп бұзған көлік иелері жазадан құтыла алмайды.
"Жауапкершіліктен жалтара алмайды. Осыны ресми түрде мәлімдейміз. Заң бәріне ортақ. Жол қозғалысы ережелері қатаң сақталуға тиіс", – деп атап өтті Алмасбеков.
Ресми мәліметке сәйкес, облыста жыл басынан бері Ресей нөмірімен жүрген көліктер 50-ден астам ауыр жол апатын жасаған. Бір жүргізуші көз жұмды.
Ал Орал қаласында жылдамдықты өлшейтін жаңа құралдар орнатылды. Оның көмегімен екі аптаның ішінде жүздеген тәртіп бұзушылық анықталды. Ал Ресей нөмірімен жүрген екі жүргізуші "рекорд" орнатты. Екеуі 130 рет тәртіп бұзған. Айыппұлдың сомасы 2 миллионға жетті.
Мәселен, Ресейде тіркелген Lexus маркалы көлік жылдамдық режимін 52 рет бұзыпты. Сол үшін 700 мың теңгенің айыппұлын арқалады. Ал Ресей нөмірімен жүрген Kia Rio жүргізушісі 84 рет тәртіп бұзғаны үшін 1,2 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды.
Оқи отырыңыз: Ресей нөмірімен жүрген көліктерге қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабы
Батыс Қазақстан облысында Ресей нөмірімен жүрген 9 232 көлік бар. Жыл басынан бері осы санаттағы автокөліктер 89 мәрте жол апатына ұшырады. 32 адам көз жұмды.