Өңірлер

Қызылорда облысында ресейлік нөмірмен жүрген 6 мыңнан астам көлік анықталды

© Sputnik / Владислав ВодневПешеходный переход
Пешеходный переход - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.11.2021
Жазылу
Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берген. Бұл көліктердің 11-і Қызылорда облысынан іздестірілуде

ҚЫЗЫЛОРДА, 10 қараша – Sputnik. Қызылорда облысында тіркеуде жоқ ресейлік нөмірмен жүрген 6000-нан астам көлік бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Республика көлемінде 8-17 қараша аралығында "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. 2 тәулік ішінде облыста 28 автокөлік  айып алаңына қойылған. Жүргізушілерге құқықбұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, айыппұл төленген соң, көліктері айып алаңынан шығарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов мәлімдеді.

"ҚР Ішкі істер министрлігі жүргізген талдау нәтижесінде республика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктердің 88 мыңы есептен шығарылған. Яғни, не Ресейде, не Қазақстанда тіркеуде жоқ. Олардың ішінде іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы "қылмыстық автокөлік" санатына енгізілген көліктер де бар. Осы автокөліктердің 6288-і Қызылорда облысы тұрғындарының пайдалануында екен. Сондықтан заң аясында ешкімнің атында жоқ көліктерді жүргізуге тыйым салынады", - деді Құлмағанбетов.

Айта кетері, ешкімнің атында жоқ көліктерді жүргізуге тыйым салынған талап жол жүрісі туралы заңның 63-бабында көрсетілген. Яғни елімізге әкелінген автотехникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуға тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатысты мемлекеттердің құзырлы органдарында тіркелген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайырбек Дүрменбаевтың айтуынша, көліктерді алғаш тіркеу құны 729 теңге болса, 2 жылдан 3 жыл аралығындағы көліктер үшін 145 850 теңгені құрайды, ал 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1 458 500 теңге болып отыр.

Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылған. Іздеуде жүрген 606 көліктің 11-і Қызылорда облысынан іздестірілуде.

Оқи отырыңыз: Ресейлік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабы

Жаңалықтар
0