НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Қостанай облыстық ауруханасының дәрігерлері 68 жастағы ер адамның жүрегінен үлкен тромб алып шықты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, Михаил Васильевич қант диабетімен аурады. Соның салдарынан жүрек тамырлары зақымданған. Ол 2008 және 2014 жылдары екі рет миокард инфартктісін алған. Ал 2014 жылы қан тамырларының жолын ашуға арналған ота жасалды.
Артынан ем алды.
Бірақ миокард инфарктісі салдарынан жүректің сол жақ қарыншасында үлкен тромб пайда болды. Ол үзіліп кетсе, өлімге әкеліп соқтыратын еді. Дәрігерлер алдымен антикоагулянтпен терапия жасап көрген. Ол қанды сұйылтады. Бірақ одан нәтиже шықпады. Тромб сол күйі тараған жоқ.
"Дәрігерлер маған УЗИ жасап, жүректің үлкейіп кеткенін көрді. Одан кейін тромбты анықтады. Бұған дейін дәрі ішіп, оны таратып жіберуге тырыстым. Бірақ ештеңе шықпады. Операция жасау керек деді. Басында астанаға жібермекші болған. Алайда карантинге байланысты облыстық ауруханаға жатқызды", - дейді зейнеткер.
Консилиум кезінде жүрекке ашық операция жасауға шешім қабылданды. Ол үшін жүрек тоқтатылады да, оның орнына жасанды қан айналдыру аппараты жұмыс істеп тұрады. Сөйтіп, тромбты алып тастайды. Ота шамамен төрт сағатқа созылды. Дәрігерлер көлемді тромбты сәтті алып шықты.
"Пациенттің отадан кейінгі жағдайы жақсы. УЗИ жасадық. Жүректе тромб жоқ. Қан айналымы да жақсарды. Негізі бұның бәрі – ортақ жұмыстың нәтижесі. Дәрігерлер отаны сәтті орындап шықты", - деп атап өтті жүрек-қан тамыры бөлімінің басшысы Әбунасыр Суханов.