НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша — Sputnik. Түркістан тұрғыны WhatsApp-та "Асыл Инвест" деген чат ашқан. Салған сомадан 3 күнде 30 процент пайда түседі деп уәде берген.
Жұртқа хабарлама жіберу арқылы адамдарды қаржы пирамидасына тартты, деп хабарлады қаржылық мониторинг агенттігі.
"Салымшыларға салым сомасының 30% мөлшерінде пайда алуға кепілдік берілді. Ақша қаржы пирамидасын ұйымдастырушының банктік шоттарына Kaspi.kz қосымшасы арқылы аударылды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта шағым берген тұлғаларға келтірілген шығын сомасы 24 миллион теңгеден асады.
Агенттік азаматтарды қысқа уақыт ішінде пайда әкелетін күмәнді жобаларға қатысудан аулақ болуға шақырады.
Егер қаржы пирамидасына тап болсаңыз немесе таныстарыңыз күмәнді жобаларға тартылған болса, агенттікке немесе аумақтық қаржылық мониторинг органдарына хабарласуға болады, сенім телефоны: +7 (7172) 708-478.