НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев Тараз маңындағы жарылыс кезінде жоғалған сержантты іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі .
"Сержант Дәуітбаевты іздестіру тоқтатылған жоқ, тиісті шаралар жалғасып жатыр. Оған қарулы күштердің әскерилері ғана емес, ұлттық ұлан сарбаздары да қатысып жатыр", - деді Шпекбаев журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әскери қойманың аумағын толығымен қарап шықты. Дегенмен, мамандар қандай да дәлелдерді табуға тырысып жатыр.
"Қазір ол жердегі топырақты електен өткізіп жатыр. Бәлкім, бірдеңе шығып қалатын шығар", - деп атап көрсетті Шпекбаев.
Әскери қоймадағы жарылыс
26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.
Төтенше жағдайдан 17 адам қаза тапты. Бір адам хабар-ошарсыз кеткен еді. 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен.