Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үндістанда дайындалған коронавирусқа қарсы Covaxin вакцинасын мақұлдады. Covaxin вакцинасын өндіруші – Bharat Biotech компаниясы.
Вакцина Үндістанда төтенше жағдай кезінде әзірленді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрған техникалық кеңес беру тобы бұл вакцина COVID-19-дан қорғау стандарттарына сәйкес келетінін, сондай-ақ бүкіл әлемде қолдануға болатынын айтты.
Вакцина белсенді емес, сол себепті патологиялық әсер тудырмайды. Құрамында өлі вирус бар, ол адамдарға жұқпайды және иммундық жүйеде инфекцияға қарсы қорғаныс реакциясын тудырады.
Covaxin вакцинасын неше жастан бастап салдыруға болады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белсенді емес Covaxin вакцинасын 18 жастан асқан адамдарға салдыруды ұсынды.
Жүктілік кезінде препаратты қолдану туралы деректер әлі жоқ, бұл бағыт бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Covaxin вакцинасын неше рет салдыру керек
Covaxin вакцинасының екі дозасын салдыру қажет. Екі компонентінің арасы 28 күн болуға тиіс.
Вакцина үшін 2-8 градус тұрақты температура саналады.
Covaxin вакцинасының тиімділігі қандай
Вакцина 2020 жылдың шілдесінде адамдарға клиникалық сынақ жүргізуге рұқсат алды.
Вакцинаны зерттеудің бірінші кезеңіне 375 субъект қатысты, вакцина салдырғандардың 15%-інде ғана жанама әсер байқалған.
Ал вакцинаны зерттеудің екінші кезеңіне 12-65 жас аралығындағы 380 адам қатысқан. Зерттеу барысында қауіпті асқыну тіркелмеген, вакцина тиімділігін көрсеткен.
Жалпы вакцина тиімділігін тексеруге 25 800 субъект қатысты. Оның ішінде 2400-ден астам адам 60 жастан асқандар және 4500 адамның аурулары бар.
Нәтижесінде Covaxin коронавирусқа қарсы 77,8% тиімділігін көрсетті. Вакцина коронавирустың дельта штамына 65,2% қорғаныс қамтамасыз етеді.