Қоғам

Ресейлік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабы

© Sputnik / Евгений БиятовГосударственные регистрационные знаки транспортных средств РФ, архивное фото
Государственные регистрационные знаки транспортных средств РФ, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2021
Жазылу
Еш жерде тіркеуде жоқ көліктерді айыппұл тұрағына тоғытып жатыр. Sputnik Қазақстан ресейлік көліктер мәселесіне қатысты маңызды сұрақтардың жауабын ұсынады

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген 80 мыңға жуық көлік заң талабына сай емес. Себебі бұрынғы иелері сатып жібергеннен кейін көлікті тіркеуден шығарып тастады.

Заң бойынша мұндай көліктер жүрген жерінде тіркеуге қойылуы шарт. Бұдан бөлек, іздеу салынған және сот санкциясы бар автомобильдер аз емес. Осыған байланысты ішкі істер органдары ресейлік нөмірі бар көліктерді тексеруге кірісті. Еш жерде тіркеуде тұрмаған көліктердің бәрін айыппұл тұрағына тоғытып жатыр. Sputnik Қазақстан ресейлік көліктер мәселесіне қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.

1. Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген көліктер көп пе

- Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 210 мыңға жуық көлік ресейлік нөмірмен жүр. Соның ішінде ұрланған автомобильдер де бар. Ресей Федерациясы ұсынған ақпарат бойынша 600 ұрланған көлік Қазақстанға өтіп кеткен. Ал 80 мың көлік еш жерде тіркелмеген. Себебі сатып алу шарты негізінде оны автоматты түрде тіркеуден шығарып жібереді. Ал Қазақстан азаматтары болса, елге оралғаннан кейін жаңа көлігін тіркеуге қоймаған.

2. Заң бойынша қандай жауапкершілік қарастырылған

- "Жол жүрісі туралы" заңның 66-бабына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сатып алынған көліктер 10 күн ішінде уәкілетті органда тіркеуге қойылуы шарт. Осы талап орындалмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 2-тармағы ("Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiкті басқару") бойынша иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал көлік  айыппұл тұрағына қойылады.

3. Көлікті айыппұл тұрағынан шығару үшін не істеу керек

- Алдымен әкімшілік хаттамада көрсетілген айыппұлды төлеу керек. Одан кейін көлікті заңдастырып, мемлекеттік тіркеуге қою қажет. Осы құжаттар негізінде көлікті айыппұл тұрағынан шығаруға болады.

4. Ресейлік нөмірі бар көлік тіркеуге қалай қойылады

- Қазақстанда көрші елдің көлігін тұрақты тіркеуге қою үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Бірақ алдымен бірнеше төлем жасап, қауіпсіздік куәлігін алу керек. Олар:

  • утилизациялық алым;
  • алғашқы тіркеудің ақысы;
  • көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік;
  • апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін алу.

5. Утилизациялық алым мен алғашқы тіркеудің ақысы қандай

- Утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. 2021 жылда бір айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге болып белгіленді. Утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның нақты формуласы да бар. Атап айтқанда, қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3 –ге дейін болса, 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 437 550 теңге; Сол сияқты қозғалтқыштың көлемі 2 000 см3 –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 7 (коэффициент) = 1 020 950 теңге; Ал қозғалтқыштың көлемі 3 000 см3 –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 10 (коэффициент) = 1 458 500 теңге;

Көлікті мемлекеттік тіркеуге алғаш рет қойғаны үшін арнайы төлем де айлық есептік көрсеткішпен есептеледі және көліктің шығарылған жылына қарай төленеді. Мәселен, 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 729 теңге, 2-3 жыл – 50 АЕК – 145 850 теңге, 3 жылдан жоғары – 500 АЕК – 1 458 500 теңге.

6. Көлік қауіпсіздік талаптарына сай болмаса, тіркеуге қойыла ма

- Көлік Қазақстанның техникалық регламентіне сай болуы шарт. Ол үшін көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу қажет. Оны облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан сертификат орталықтарында рәсімдейді. Соған барып, өтініш жазып, құжат тапсыру керек.

Орталық мамандары барлық құжат негізінде автомобильдің сәйкестендіру нөмірін тексереді. Одан кейін көлікті қарап шығады. Темір тұлпар "Евро-4", "Евро-5" немесе "Евро-6" талаптарына сай болуы шарт. Егер көлік қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, мемлекеттік тіркеуге қойылмайды.

Мамандар ондай көліктерді қайтадан көрші елге апарып, сатып көруге кеңес беріп отыр, я болмаса, бұзып, бөлшекпен сатуға тура келеді. Басқа амал жоқ.

7. Ресейде тіркеуде тұрған көлікпен жүруге бола ма

- Иә, Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған көлікпен Қазақстанда жүруге болады. Ол үшін жүргізушінің атына бас сенімхат пен сақтандыру полисі рәсімделуі шарт. Бірақ 12 айда бір рет Қазақстан аумағынан шығуға тура келеді. Техникалық байқау да көрші елде жасалады. 30 күннен қайтадан кіруге рұқсат бар. Ал сату-сатып алу шарты негізінде рәсімделген көлікті мемлекеттік тіркеуге қою қажет. Себебі ол көрші елде автоматты түрде тіркеуден шығарылады.

8. Рөлі оң жақта орналасқан көліктер мәселесі қалай шешіледі

- 2008 жылдан бастап Қазақстанда оң жақ рөлі бар көліктер тіркеуге қойылмады. Егер ондай автомобиль Ресейде тіркеуде тұрса, бас сенімхат және сақтандыру полисімен жүруге болады. Ал бұрынғы иесі көлікті келісімшартпен сатып, тіркеуден шығарып тастаса, жаңа иесі онымен жүре алмайды. Қазақстанда мемлекеттік тіркеуге де қоюға рұқсат жоқ.

9. Криминалдық көліктерді тәркілей ме

- Қазіргі кезде ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясынан жауап күтіп отыр. Соның негізінде ұрланған және іздеу салынған көліктерге қатысты шара қолданылады. Заңгерлердің айтуынша, ондай көліктер тәркілеуге жатады.

10. Мемлекет тарапынан жеңілдік жасала ма

- Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік тіркеуде 4 миллион 200 мың көлік тұр. Ол адамдардың бәрі заңды бұлжытпай орындап отыр. Сондықтан басқалар да тиісті талапты сақтауға тиіс.

"Заңда белгілі бір санатқа кіретін адамдар үшін жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан ол көліктерді тіркеуге қоюға кеңес береміз, я болмаса, бұрынғы иелерімен құқықтық мәселесін реттегенше көлікті пайдаланбай тұрған дұрыс", - деді Түсіпов арнайы брифингте.

Жаңалықтар
0