АЛМАТЫ, 9 қараша – Sputnik. Атырауда 10 жасар баланың өлімінен кейін туыстары жедел жәрдем қызметкерінің әрекетіне қатысты наразылық білдірді, деп жазды "Мой город" басылымы.
10 жасар бала 30 қазанда тоққа түсіп қайтыс болған. Алайда ата-анасы оның өліміне дәрігерлердің кінәсі бар деп санайды.
Бала үй ішінде ойнап жүріп, тоққа түскен. Алайда ата-анасы жедел жәрдем келе жатқанда баланың тыныс алып жатқанын, бригада келгенге дейін көзін ашқанын айтты. Жедел жәрдем көлігінде аурухана барар жолда қайтыс болған. Баланың әжесі жедел жәрдем көлігінің ішінде болған, оның сөзінше, балаға көлікте ине салған.
"Мен бірге барған кезде қолдарында оттегі болды, бір дыбыс шығып тұрды. Алайда біраз уақыттан кейін баланың дәрі-дәрмекке аллергиясы бар-жоғын сұрады. Артынша көлікті тоқтатты, ол уақытта ауруханаға жетіп қалған едік. "Артқа қайтамыз, бала тыныс алмайды" деді", - деп еске алды баланың әжесі Надежда.
Енді баланың туыстары жедел жәрдемнің не себепті мәйітті мәйітханаға емес, ауруханаға алып келгенін түсінбей отыр. Артынша сол жерге тәртіп сақшылары келіп, қажетті құжат жинап, мүрдені мәйітханаға алып кеткен.
Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында "жедел жәрдемге шақырту 14:45-те түсті. Көмек 14:51-де келді. 2011 жылы туған бала жедел жәрдем келгенше қайтыс болды" делінген.
Баланың әкесі Сергей Писарев мәйітханада құжаттарды рәсімдеу үшін екі сағат жүрген. Туыстары басынан-ақ мәйітін кесуге рұқсат бермейтінін айтқан.
"Түсінгенім бойынша тоқ соққан кезде білегінен материалдың бір бөлігін алады, бірақ денесін кеспейді. Алайда жиенімнің денесін кескен, білегінен де материал алған", - дейді баланың тәтесі Наиля.
Оның сөзінше, мамандар баланың әкесін мәйітті кесуге көндірген. Олар балаға қандай укол салғанын анықтау үшін келіскен. Алайда сараптама ештеңе табылмағанын көрсетті.
Денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға түсінік беруден бас тартып, полицияның баспасөз қызметіне хабарласуды сұрады.
Тәртіп сақшылары қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі ("медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер") бойынша қылмыстық іс қозғады.