АЛМАТЫ, 9 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ыстанбұл қаласына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жұмыс сапары 11-12 қарашаға жоспарланған. Түркияда президент Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысады.
"Саммит барысында сауда, цифрландыру, жасыл технологиялар және басқа да өзекті бағыттарды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланып, Түркі кеңесі аясында көпжоспарлы өзара ықпалдастықты нығайтудың перспективалары қарастырылмақ", - деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сапар аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетері, бұған дейін 2021 жылдың 31 наурызында "Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы" тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті бейнеконференция арқылы өтті.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедов және Мажарстанның премьер-Министрі Виктор Орбан, сондай-ақ Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев қатысты.