Өңірлер

"Ұрып жатыр": Алматыда мәйіті табылған қыз жақындарына SMS жазып үлгерген

© Photo : Рixabay/TatlinРука на стекле
Рука на стекле - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2021
Жазылу
Жігітімен пәтерге барған бойжеткен туған әпкесіне құрбысының үйінде түнейтінін айтқан. Алайда біршама уақыт өткеннен кейін "ұрып жатыр" деп көмек сұраған

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша — Sputnik. Алматыда элиталы тұрғын үй кешенінде 18 жасар қызды өлтірген қылмыскерді полицейлер әлі іздеп жатыр, деп хабарлады КТК.

Жан түршігерлік жағдай Latifa тұрғын кешенінің 13-қабатындағы пәтерде болған. Тұрғындардың сөздерінше, марқұмның жігіті 18 жасар қызды өлтіріп, осы жерде өртеп жіберген.

Түнгі сағат 1 шамасында айқай-шу шыққан бұл пәтердің есігі мөрленген. Осы пәтерге жігітімен келген бойжеткен туған әпкесіне кешкі жеті шамасында "құрбымның үйінде түнеймін" деп жазып жіберген. Алайда біршама уақыт өткеннен кейін "ұрып жатыр" деп бір ауыз сөз жазып үлгеріп көмек сұраған. Дереу жетіп келген жақындары полиция шақыртыпты.

"Таңертең шықсам, бір жігіт келді. "Бірдеңе көрдіңіз бе?" деді. "Жоқ, ештеңе көрмедім" дедім. Кейін олар полицияға хабарлады. Келді. Тексеру басталды. Үй иесі келіп есікті ашты. Көрді. Қызды қылқындырған, сосын өртеп жіберген", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Данияр Оразов.

13 қабатты бұл үйдегі пәтерлер түгел дерлік тәулікке жалға беріледі. Солай бола тұра, ылғи да тыныш болатын дейді көршілері. Алайда осы жолы түн ортасында шыңғырған дауыс естіп күйіктің иісі сезілген.

"Пәтерді ашқан кезде жануарды өртегенде шығатын жиіркенішті иіс шықты. Сонымен қатар алкогольдің иісі де мүңкіп тұрды. 12 жарымда қатты соққыдан кейін шыңғырған дауыс естідім. Бірақ мен нәресте құлап жылаған шығар деп ойладым. Өлтірген жігіт түнгі сағат бірлерде қашып кеткен сияқты", - дейді көрші тұратын Екатерина.

Оқи отырыңыз: Жалдамалы пәтерге шақырған: Алматы тұрғыны бұрынғы әріптесін зорлады 

Күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Күдіктінің кім екені анықталды. Ал тұрғын үй кешенінде жезөкшелер мекендейді деп мазасы қашқан тұрғындар марқұм қызды да жеңіл жүрісті деп, әлеуметтік желіде жария қылған. Мұны департаменттегілер жоққа шығарды.

"Аталған дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99- бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне тіркеліп, Медеу аудандық полиция басқармасының мамандарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Жеке басы анықталған күдіктіні ұстау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Осы ретте жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз", - деп атап өтті Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

18 жасар бойжеткенді тұншықтырып өлтіріп, артынша өртеп жіберген қылмыскерді полицейлер іздеп жатыр. Қылмыстың мән-жайы мен себеп-салдары алдағы уақытта анықталады.

Жаңалықтар
0