АЛМАТЫ, 8 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу барысында Ерболат Досаев мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ұлттық төлем жүйесін пилоттық режимде іске қосуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетері, былтыр қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұлттық банкіне елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұлттық төлем жүйесін құруды тапсырды. Қазірге дейін Visa және Mastercard төлем жүйелерімен келісім орнатылды.
Сондай-ақ мемлекет басшысы ұлттық банк төрағасының биылғы 10 айдағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысы және әлемдегі инфляциялық қысымның күшейіп, азық-түлік бағасының қымбаттай түскені туралы есебін тыңдады.
Оқи отырыңыз: Кредиті бар адамдар базалық ставка туралы нені білуге тиіс
Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықаралық валюта қорының инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі болжамдары, сондай-ақ дамыған елдердің ынталандыру саясатынан бейтарап саясатқа көшуіне байланысты дамушы нарықтардан капиталдың жылыстау қаупі бар екені айтылды.
Кездесу барысында үкіметпен бірлесіп, инфляцияға төтеп беру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруға қатысты президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ азық-түлік бағасының өсуі болар-болмас баяулағанына байланысты қазандағы жылдық инфляцияның деңгейі 8,9 процент болғаны туралы ақпарат берілді.
Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 9 айда қалыптасқан төлем балансының алдын ала бағалау көрсеткіші туралы мәлімет ұсынды.
"Бағалауға сәйкес сауда балансының жақсаруына байланысты төлем балансының тапшылығы 3 миллиард АҚШ долларына дейін төмендеген. Тұтынушылық импорттың өсуі төлем балансының одан әрі жақсаруын тежейді", - делінген ұлттық банк төрағасы ақпаратында.
Президентке алтын бағасының қымбаттауы есебінен алтынвалюта қоры активтерінің өсуі жөнінде және жыл басынан бері ұлттық қордағы инвестициялық кірістің 2 миллиард АҚШ долларына (3,44%) дейін қайта қалпына келгені туралы айтты.
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес БЖЗҚ портфелін әртараптандыру нәтижесінде зейнетақы активтері мен инвестициялық кіріс көлемі өскен.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық банк төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.