Қазақтың Ұлы даласында өмірге келген осы бір шоқтығы биік шығармаға кеңестік дәуірде қиянат жасалып, сөздеріне сол заманның идеологиясына негізделген өзгерту еніпті. Онда Балқадишадай сұлуды сексен бес жастағы шалға қосқан. Әйел теңдігін желеу еткен кеңестік кезеңде мұндай теңеу тез қолдау тапса керек. Шынтуайтына келгенде, Балқадиша өз сүйгеніне қосылған жан. Күйеуі ешқандайда да қарт адам болмаған. Бұл тақырыпта жазушы, композитор Ілия Жақанов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тарас Наурызәлі сынды басқа да руханият жанашырлары қалам тербеді.
Қазақ әндерінің тарихы мен талайлы тағдырын зерттеп жүрген Ілия ағамыз:
"20-30 жылдарда қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Сол кездерде ұжымдастыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбырайдың "Толқын" әні "Елім бар колхоз болып дүрілдеген" деп, "Ақбаян" әні "Ой, Ленин, қараңғыда көп елің..." деген қайырмамен, "Балқадиша" әйел теңсіздігін шенеген ән боп шыға келді. Үлебайдың "Дудар-айы" ұлттар достығы саясатына орай көпе-көрінеу Мариям Жагорқызының әні боп ел санасына күшпен сіңді. Ықылым заманнан бері бір сөзіне қылау түспеген әндеріміз "жаңа сипатқа" ие боп, құбылып салды. Әндердің тәлкекке түсуі осылай басталды", - дейді өз мақалаларында.
Қарап отырсақ, бұл тақырып жайлы аз жазылмаған екен. Бірақ ұлтымыздың рухани қазынасын байытқан жауһар туындыны кейбір өнерпаздарымыз әлі күнге дейін "Дегенде Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша!" деп орындап жүр. Ілия ағамыз сонау 1980 жылдары Көкше жерін аралап, аталған әннің шығу тарихын зерттейді. Тіпті, Балқадишаның сіңлісімен, қыздарымен кездесіп, элегиялық эссе жазады.
Қаламгердің "Аққулар қонған айдын көл" деген кітабындағы "Балқадиша" атты эссе-элегиясы көп адамның көкейде жүрген сауалына жауап береді деген сенімдеміз. Тіпті өлеңнің Ақан серіден қалған мәтінін оқимын деген жан болса, "Фолиант" баспасынан 2013 жылы жарық көрген Ілия Жақановтың "Бір кезде Ақан едім аспандағы..." атты кітабынан тауып алуына болады.
Енді осы Ілия ағамыздың жазбаларына назар аударайық. Бірде Ақан жол түсіп, Ыбырайдың ауылына келеді. Дала мектебінен тәлім алған дарабоз дарын айналасын ән-думанға бөлеп жүрері сөзсіз. Балқадиша әке рұқсатымен қасына Ұмсын мен Ділдадай қос жеңгесін ертіп, өздерін шақыра келген Мәлік деген жігіттің соңынан Ақан отырған он екі қанат ақбоз үйге барады.
"Ақан Балқадишаға кездескенде 58 жаста екен. "Күйеуің сексен бесте" деп жас қызды мінейтіндей өзі де бозбала емес. Дүниеден торығып, арман аңсары жер болып, асқақ рухы пәсейіп қажып жүрген кезі болса керек. Ыбырайдың ауылына да артына мылқау ұлы Ыбанды мінгестіріп, жүдеп-жадап жеткен беті екен. Бір кезде ақ маңдайы шаңырақтан жарқыраған алтын айға шағылысып, әндей мөлдіреп Балқадиша кіріп келгенде Ақан таң атып, күн шыққандай жоталанып салады".
Иә, Ілағаңның жазуы керемет қой, шіркін! Сезімге беріле отырып жазылған дүние, нақты дәлелдермен жасалған пайым көркем шығарманы баға жетпес туындыға айналдырады.
Оның жазуынша, Ақан Балқадишаны бала күнінен білген сияқты. "Көз алдында – қырдың қызыл гүліндей құлпырып өскен Балқадиша. Бүгінде ол – осы өңірде маңдайында жанып тұрған шырағы бар дейтін айтулы сұлулардың ішінде жұлдызы биік періште. Жалт-жұлт еткен асыл гауһардың өзі! Ақан аузымен құс тістеп, аспандап, асып-тасып жүргенде бұл елді талай рет думанға бөлеген. Ыбырайдай ел құтының үйінде де талай болған. Балқадиша да есінде. Сол Балқадиша – бүгінде толықсыған бойжеткен, кербез ару. Жарқылдаған жанарында күллі дүние жайнап тұр. Дариға-ай, десеңші... Ақан серінің көз алдынан бір дулы өмір зырқырап өтіп жатты".
Осындай сұлу ұзатылып кете барғанда халқының рухани мұрасына айналған сұңғыла сарынды әсем әуенмен үндесетін "Балқадиша" әні өмірге келген екен.
Жақанов Балқадишаның әкесі Ыбырай қалың елге сыйлы, зиялы адам болғанын айтады. Жұрттың барлығы "Ыбеке" деп сый-құрмет көрсетеді екен. Тіпті, Ақанның өзі "Ыбырай" деп атын атамай, өлеңге "Ыбекең" деп қосуында да үлкен мән жатыр. Сол себепті "Қызы едің Ыбырайдың" емес, "Ыбекеңнің" болуы керек.
Мақаланы жазу барысында бізге дейінгі жазылған дүниелерді саралап, зерделеп көрдік. Сондағы ойымыз – оқырманға дұрысын нұсқау, шындығын айту. Әннің әуелгі сөзін білмей, бұрмаланған нұсқасын орындап жүрген кейбір өнерпаздарымыз ойға тоқысын, көкейге түйсін деген ниетпен "Балқадишаның" дұрыс нұсқасын ұсынып отырмыз:
Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен, шіркін-ай, тал Қадиша!
Сексен қыз серуенге шықсадағы,
Ішінде қара басың, па, шіркін, хан Қадиша!
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, шіркін-ай, тал Қадиша!
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге, амал не, бар Қадиша!
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге, дүние-ай, зар Қадиша!
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боларсың қандай жанға, дүние-ай, жар, Қадиша!
Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін кер бестінің шіркін-ай, сылағаным,
"Кетті" деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз-жартасты, шіркін-ай, жылағаным!