Спорт

Тоқаев боксшыларды әлем чемпионатындағы жеңіспен құттықтады

© Sputnik / Владислав ВодневТренировка сборной по боксу
Тренировка сборной по боксу - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.11.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді

НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алған боксшыларды құттықтады.

"Бокстан әлем чемпионатында алтын алған Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосыновты, күміс олжалаған Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржановты және ұлттық құрама капитаны, қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповті шын жүректен құттықтаймын! Елдің атын шығарған ерлерімізге табыс тілеймін", - деп жазды президент Twitter-де.

Еске сала кетсек, қазақстандық боксшылар Белградта өткен әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.

48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов финалда таиландық Вуттичай Юрачаймен кездесті. Ол қарсыласын үшінші раундта нокдаунға жіберді. Жекпе-жек толығымен қазақстандық спортшының басымдығымен өтті. Теміртас салқынқандылығынан танбай, таиландтық боксшыға артық соққы жұмсатпай, үш раундты да бір деммен өткізді. Айта кетері, Теміртас Жүсіпов 2021 жылы әскерилер арасындағы әлем чемпионы атанған болатын.

Бұдан бөлек боксшы Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Ол ақтық сында америкалық Роско Хиллмен жұдырықтасты.

Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Серік Теміржанов күміс медаль иеленді. Ол финалда америкалық Джамал Харвимен кездесті, жекпе-жек АҚШ боксшысының жеңісімен аяқталды.

Екінші күміс алқаны 54 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан алды. Ол жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы.

Қола медальді боксшы Абылайхан Жүсіпов иеленді.

Жаңалықтар
0