НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль Альварес америкалық Калеб Плантты жеңгеннен кейін өз жоспарлары туралы айтып, қазақстандық Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізу туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлады Match.tv.
"Мен үшін тағы төрт жекпе-жек өткізу – қалыпты жағдай. Үш немесе төрт жекпе-жек өткізуге дайынмын. Мен еркін агентпін, сондықтан үздік жекпе-жектерге қатысқым келеді", - деді Альварес.
Оқи отырыңыз: "Канело" көз түйістіру кезінде төбелесіп кетті – видео
Сондай-ақ "Канело" орта салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге қатысты ойын айтты.
"Менің (Головкинмен– Sputnik) жұдырықтасқым келеді. Неге жекпе-жек өткізбеске? Егер ол супер орта салмаққа ауысуға дайын болса, мен дайынмын. Әрқашан. Абсолютті чемпион болу оңай емес. Үздіктермен жұдырықтасуға әрқашан дайынмын", – деп толықтырды ол.
Альварестің Головкинмен 2017 жылдың қыркүйегінде өткен алғашқы жекпе-жегі тең аяқталды. Тура бір жылдан кейін қарымта кездесуде мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Альварес Плантты 11-ші раундта нокаутқа түсіріп, супер орта салмақ тарихындағы алғашқы абсолютті әлем чемпионы атанды.