Дерекқор

"Нағыз қазақ – домбыра": қос ішекті аспап жайлы қызықты деректер

© Sputnik / Тимур БатыршинДомбыра
Домбыра - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.11.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар

Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп жырлаған ішекті аспап жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Домбыра атауы қайдан шыққан

"Домбыра" атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп.

Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады.

Кей деректерге сүйенсек, "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, "домбыра" сөзі "қозы құйрық" сөзімен байланысты "дунбаһ" және "бурра" деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.        

Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі "дөп бұра", "дәл бұра", "дем бұра" деген сөздердің тізбегінен жасалған.

Тағы бір деректерде "домбыра" атауы "дом+бұра" деген сөздерінен шыққан делінеді. "Дом" сөзі қазір "домығып, ісініп кету" мағынасында қолданылып жүр. Ал "бұра"  "күйге келтір" дегенге саяды.

Домбыра тарихы

Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің "Музыкалық канон" трактатында айтылды.

Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.

© Sputnik / Тимур БатыршинӘміре Қашаубаевтың домбырасы
Нағыз қазақ – домбыра: қос ішекті аспап жайлы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.11.2021
Әміре Қашаубаевтың домбырасы

Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп  жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді б. з. 5-6 ғасырына жатқызады.

Алматы облысында "Майтөбе" жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.

Оқи отырыңыз: Домбыраны әлемге танытқан қазақстандық әртістер

Суретте домбыраның артында бес адамның әртүрлі қимылда билеп тұрғаны бейнеленген. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан.

Домбыра жайлы аңыз

Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында.

Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр "е, бұл сайтанның ісі болды ғой" деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін "шайтан тиек" деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.

© Sputnik / Тимур БатыршинҚаныш Сәтпаевтың домбырасы
Нағыз қазақ – домбыра: қос ішекті аспап жайлы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.11.2021
Қаныш Сәтпаевтың домбырасы

Домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған.

Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтың айтуынша, "Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: "Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер" - дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы "қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай?" - дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды".

Домбыра түрлері

Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған.

Мәселен, ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі.

Домбыра, негізінен, екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.

Олардың бірсыпырасы:

  • ән мен күй домбырасы,
  • торсық,
  • тұмар,
  • кең шанақты,
  • балдырған,
  • балашық,
  • шіңкілдек,
  • аша,
  • үш ішекті,
  • қуыс мойын,
  • шертер.

Оркестр домбыралары:

  • қоңыр дауысты (альт),
  • жіңішке дауысты (прима),
  • ащы дауысты (секунда),
  • бас домбыралар.

Домбыра құрылысы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Қақпақ – бетқақпақ деп те айтылады.

Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшегі бар: тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік. Домбыра тиегі үш түрлі болады: шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек.

Оқи отырыңыз: Елу түрлі аспап жасайтын шебер домбыраны қалай дұрыс таңдау керектігін айтты

Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра күйлері

Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері.

Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің кұрылымына байланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді.

XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі "Қазақ  халқының 1000 әні" кітабында: "Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз" дейді.

Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.

Домбыра туралы өлеңдер

Қазақ ақындары домбыра туралы көп өлең шығарған.

Ілияс Жансүгіров – Домбыра

Тарт күйіңді, домбыра!

Төгіл, төгіл тәтті күй,

Тау суындай сылдыра,

Желпін, желпін жел соқтыр!

Тауда тұман тұрмасын,

Көкте бұлт ыдыра!

Тыңдамаған қоймасын,

Ойды-қырды қыдыра,

Құлшына тарт, домбыра!

Екі желі, үш қазық,

Тоғыз ноқта домбыра,

Ойнатайын он саусақ,

Құлындайын құлдыра.

Бозда-бозда бота күй,

Қашағанды қудыра,

Құлшына тарт, домбыра!

Еңбек елдің күйшісі-ау,

Құлағымды қиқулат,

Көңілімді қандыра,

Тәтгі-тәтті күйге тарт

Көргеніңді күй қыла,

Құлшына тарт, домбыра!

Еңбек елдің жыршысы-ау,

Жанымды бір жадырат,

Көкейіме қондыра,

Тәтті-тәтті әңгіме айт

Жаңа өмірді жыр қыла,

Шежіре, шешен сұңғыла,–

Құлшына тарт, домбыра!

Жұмекен Нәжімеденов – Домбыра

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,

Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.

Домбырам қайран менің, қайран менің,

Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,

Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...

Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,

Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,

Жанымның жазығына күй ектіріп.

Ой, арман – екі шегің болсын сенің.

Берейін жүрегімді тиек қылып.

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,

Бұлақтар таудан ғана туад десек,

Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,

Төсіне туған жердің құлақ төсеп...

Қадыр Мырза Әлі – Домбыра

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра,

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын

Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік.

Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді

Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:

Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.

Ұлттық домбыра күні

Қазақстанда 2018 жылдың шілдесінен бері Ұлттық домбыра күні тойланады. Дәл сол жылы тиісті жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.

Мереке жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күні күмбірлеген күйден шашу шашылып, күміс көмей әншілер ән шырқайды.

Жаңалықтар
0