Экономика

Ауыл шаруашылығы саласындағы шу: министрлік тергеуге қатысты мәлімдеме жасады

© Sputnik / Абзал КалиевМонеты, земля, иллюстративное фото
Монеты, земля, иллюстративное фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.11.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Бұған дейін 1 қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша арнайы операция жүргізілгенін мәлімдеді

АЛМАТЫ, 5 қараша – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ведомство ішінде жүргізіп жатқан тергеулерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрлік президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктірін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп проблемаларды шешу жолдарын әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құрды.

"2021 жылдың 9 тамызы мен 20 қыркүйегі аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды. Тексеру жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды, олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді", - деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзірленді.

Ол субсидиялау бағытын жеңілдетуді көздейді. Сондай-ақ шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысанына қарамастан, барлық субъекті үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

Субсидия алушылардың нәтиже көрсетуі бойынша олардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізіледі.

"Асыл тұқымды мал шаруашылығының заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру, оған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық болдырмайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті заң жобасы қазір парламент мәжілісінде қаралуда", - деді ведомство.

Жануарларды есепке алу және жануарлар туралы ақпаратты ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына беру процесін автоматтандыру бойынша ветеринария саласының қызметтерін цифрлы форматқа көшіру жоспарланған.

Субсидиялаулау бойынша жұмыстың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді.

Тоқаев бөлінген қаржының есебін сұрады

4 қарашада Моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржы туралы айтты. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

"Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты жан-жаққа шашылады, олардың жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Экономикалық маңызы жағынан да нәтиже жоқ", - деді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға осы саланы тексеруді тапсырғанын айтты.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға прокуратурамен және басқа да органдармен бірге осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырдым. Бұған қоғам мен фермерлердің өзін тарту керек", - деді Тоқаев.

Бұған дейін 1 қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша арнайы операция жүргізілгенін мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарында тінту мен қамауға алу жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны жымқыруға байланысты 30-ға жуық адам ұсталды.

Жаңалықтар
0