НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Түркістан облысында жігіт ағасын өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлады Polisia.kz.
Келес ауданында учаскелік полиция инспекторына ауыл тұрғыны хабарласып, белгісіз жағдайда жалғызбасты көршісі жоғалып кеткенін жеткізді. Бірден шақыртуға учаскелік полиция инспекторы Берік Айдосов шықты.
Тәртіп сақшысы оқиға орнын мұқият тексеру барысында, үйдің ауласында орналасқан құдыққа апаратын жолдан қан іздерін байқады. Тереңдігі екі метрлік құдықта ер адам қимылсыз жатқаны анықталды, оны ауыл тұрғыны танып, көршісі екенін айтқан.
Полицей болған жайтты кезекші бөлімнің 102 пультіне хабарлады. Бірнеше минут ішінде аудандық бөлімнен жедел-тергеу тобы келді. Криминалистер тексеру кезінде мәйіттің көгерген жерлері мен қанды ісіктер бар екенін анықтады.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел іс-шаралар барысында жәбірленушінің туыс інісі күдікке ілінді. Оны полиция қызметкерлері аудан орталығындағы көшелердің бірінен ұстады.
Полицияның мәліметінше, жігіт туысының үйіне келген. Екі ер адамның арасында жанжал шығып, інісі туыс ағасын өлгенше ұрып-соққан. Содан кейін жігіт қылмысты жасыру үшін мәйітті үйдің ауласында орналасқан суы тартылған құдыққа лақтырып, қашып кеткен.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды.
Оқи отырыңыз:
- Із-түзсіз жоғалып кеткен қызды өлтірген жеңгесі болып шықты
- Алматы облысының 75 жастағы тұрғыны өз ағасын өлтірген