АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) төтенше жағдайлар кезінде Үндістанда әзірленген коронавирусқа қарсы Covaxin вакцинасын мақұлдады, деп хабарлайды РИА Новости.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрған және әлем бойынша сарапшыларынан тұратын техникалық кеңес беру тобы бұл вакцина ДДҰ-ның COVID-19-дан қорғау стандарттарына сәйкес келетінін, сондай-ақ вакцинаны бүкіл әлемде қолдануға болатынын айтты", - делінген ДДҰ хабарламасында.
Covaxin вакцинасын өндіруші – Bharat Biotech компаниясы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 18 жастан асқан адамдарға арасына төрт апта салып Covaxin препаратының екі дозасын салдыруды ұсынады. Вакцинаның тиімділігі 78% құрайды.
Жүктілік кезінде препаратты қолдану туралы деректер әлі жоқ, бұл бағыт бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Үндістанның 1 миллиардтан астам тұрғыны COVID-19 вакцинасының кем дегенде бір дозасын алғаны хабарланған болатын. Бұл оқиға Нью-Делиде салтанатты түрде аталып өтті.
Үндістан коронавирустан миллиардтан астам адамды вакцинациялаған әлемде Қытайдан кейінгі екінші ел болды.
Алайда денсаулық сақтау министрлігінің басшылары халықты толық вакцинациялау үшін әлі ұзақ уақыт қажет болатынын айтты.