АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Алматыда кешеден бері 8 сантиметр қар жауды. Ал тау бөктеріндегі аудандарда он, таулы аудандарда он бес сантиметр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тұрғын үй саясаты басқармасына сілтеме жасап.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алматыда қар 3 қараша сағат 19.00-де қаланың солтүстік бөлігінде басталды. Қар жауа бастағаннан бері 185 құм шашқыштың күшімен жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Қазірге дейін 4 200 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.
"Қар тазалау, жаяу жүргіншілер жолын, қоғамдық көлік аялдамаларын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түнгі сағат 03.30-дан бастап қар күреу колонналары ұйымдастырылды. Қар жинауға 517 арнайы техника, оның ішінде 173 құмшашқыш, 165 сыпырушы-жинау техникасы, 52 қар құрсаулаушы, 49 самосвал, 9 автогрейдер және 1400 жол жұмысшылары жұмылдырылды", - делінген ақпаратта.
Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қар тазаланып жатыр. Қала аумағынан жаппай қар шығару таңертеңгі қарбаластан кейін қолға алынады.
Аудандық әкімдіктерде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау жөнінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, бүгін күндіз қар жауады. Түнде ауа температурасы минус 13 градусқа дейін төмендеді, күндіз 6 градусқа дейін аяз болады.
Қазір қалада Абай, Райымбек, әл-Фараби, Рысқұлов даңғылы бойында кептеліс байқалады.