АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Талдықорғанда жасөспірімдер көпқабатты үйдің лифтінде бұзақылық жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Instagram желісінде бірінші қарашада бірнеше жасөспірімнің "Болашақ" шағын ауданы №14 үйдің лифтінде тұрып, бұзақылық жасаған сәтінен видео тарады.
Видеодан балалардың барлық түймені басып, есіктің жабылуын аяғымен тоқтатып отырғанын анық көруге болады. Осылайша олар лифт жұмысына кедергі келтірген.
Сондай-ақ жасөспірімдердің бірі лифт ішінде қабырғаға маркермен әдепсіз сөздер жазған.
"Іздестіру шаралары барысында Талдықорған қаласының ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған үш тұрғынды анықтады. Олардың ата-анасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы "Кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Талдықорған қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Түсіпбеков.
Ал видеодағы басқа жасөспірімдердің ата-анасымен профилактикалық сипаттағы әңгіме жүргізілді, себебі олардың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық жоқ.
Айта кетері, балалар лифтпен ойнап отырған кезде 16 қабатты үйдің тұрғындары біраз уақыт тек баспалдақты қолдануға мәжбүр болды.