АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Алматыда ертең "Медеу" мұз айдынының мерейтойлық маусымы басталады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елуінші маусымның ашылуы 5 қарашада өтеді. Қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, мұз айдынында бір мезгілде 2 500-ге жуық адам бола алады. Мұз айдынының жобалық сыйымдылығы – 8 600 адам, оның 30%-і – 2 580 адам.
Қонақтар "Медеуге" тек Ashyq қосымшасы арқылы кіреді. Билеттерді тек онлайн режимінде сатып алады.
Алматыдағы сарқыраманың еліктірер қысқы көрінісі - видео
Сонымен қатар биыл жалға беру аймағы өзгерді. Алғаш рет конькиді кепілсіз жалға беру жүйесі енгізілді. Биылдан бастап сеанс уақыты 3 сағатқа ұлғайды. Демалыс және мереке күндері кешкі сеанс сағат 00.00-ге дейін ұзартылды.
7 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы отбасылардың балалары, барлық санаттағы мүгедектер мен зейнеткерлер тегін кіру құқығына ие.
Оқушылар мен студенттер үшін билет құны биыл өзгерген жоқ. Мұз айдынына барған кезде жұмыс күндері таңғы сеанстарда балалар үшін билет құны 400 теңге, студенттер үшін – 600 теңге. Демалыс және мереке күндері кешкі сеанстарға кіру билеттері азаматтардың басқа санаттары үшін 2 800 теңге тұрады.
Қатты қорқып қалған: Шымбұлақ шыңында болған оқиғаның мән-жайы анықталды
Сондай-ақ қоғамдық көлік мәселесі де қаралды. №12 автобустың бағыты ұзарды, енді түнде қоғамдық көлік "Медеуден" қалаға 00.30-да шығады.
"Балуан Шолақ спорт сарайы – "Медеу" мұз айдыны бағыты бойынша экспресс автобустың жұмысы қайта жанданды. Бастапқы кезеңде экспресс демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жүреді, жол жүру құны – 200 теңге.
Ал қаладағы "Шымбұлақтағы" тау шаңғысы маусымы 14 қарашада басталады.
Шымбұлақта қысқы маусымның басталуына орай Тау шаңғысы мектебі күрделі жөндеуден өтті. 9 қарашада тілек білдірушілер 3 жастан асқан балалар мен ересектерге арналған оқуға жазыла алады. Жаттығуды сноуборд пен тау шаңғысы бойынша тәжірибелі супервайзерлер жүргізеді.