Фермерлер субсидиясы: бюджеттің талан-таражға түсуіне жүйедегі олқылық себеп пе?

© Sputnik / Владислав ВодневКорова у дороги рядом со стелой с надписью Казахстан
Корова у дороги рядом со стелой с надписью Казахстан - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.11.2021
Жазылу
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеуніктерді жаппай қамау іс-шарасын жүргізді. Алайда оның себебін ашып айтпады. Тек ол фермерлер субсидиясына қатысты екені белгілі болды. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардан мұның астарында не жатқанын анықтап көрді

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша — Sputnik. Апта басында Қазақстанда ауқымды арнайы операция туралы жаңалық тарады: Ауыл шаруашылығы министрлігі және тоғыз өңір – Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерімен байланысты шенеуніктер сыбайлас жемқорлықпен күресетін ведомство назарында болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің нұсқасы бойынша ұсталған азаматтар ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан. Сонымен қатар күдіктілер кәсіпкерлерден тұрақты пара алып келген. Осы іске қатысы бар 30 тұлға анықталды және оның басым көпшілігі өз кінәсін мойындап, тергеуге көмектесуде.

Біз ауыл шаруашылығы саласы бойынша сарапшылардан Қазақстанда фермерлер субсидиясы саласында қандай ақау бар екенін анықтап көрдік.

Жымқыруға жол бермеуге болар ма еді

Sputnik Қазақстан жауап алған сарапшылардың бірі Серік Ибраев ауқымды жымқыруға жол бермеуге болар еді деп санайды.

"Маған жеткен ақпарат бойынша бұл көбіне мал шаруашылығын субсидиялауға қатысты. Осы салада ақпарат жүйесінде проблема бар. Олар жетілдірілмеген", - деді Ибраев.

Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығын субсидиялау кезінде екі жүйе қолданылады – ААЖ (ақпараттық-аналитикалық жүйе, ол мал шаруашылығында қолданылады) және Qoldau (өсімдік шаруашылығында қолданылады). 2018-2019 жылдары Qoldau жүйесі мал шаруашылығын субсидиялау үшін де қолданылды.

Sputnik Қазақстанға бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі және қазіргі Ет одағының басшысы Асылжан Мамытбеков түсіндіргендей, субсидия бөлу кезінде Qoldau өтініш берушінің барлық талапқа сай келуін тексереді.

"Бұл жүйе заңды тұлға, жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалығының тіркеуін, жер теліміне құқығын, техникасын және тағы басқаны тексереді. Алайда 2019 жылдың маусымынан бастап мал шаруашылығын субсидиялау ААЖ жүйесіне көшірілді. Ал ол басқа деректер базасымен біріктірілмегендіктен, өтініш берушінің талапқа сай екенін тексере алмайды", - деп түсіндірді Мамытбеков.

Осы уақытта субсидиялау ережесі өзгеріп, субсидия алушының жер телімі болуы керек деген талап жойылды.

"Шикі" ақпараттық жүйені жетілдірудің орнына субсидиялау ережесін жеңілдетті. Бұл субсидиялау процесіне қатысатын кейбіреулер үшін ақша жымқырудың мүмкіндігіне айналып, бюджет қаражаты талан-таражға түсті", - деді Мамытбеков.

Айта кетері, міндетті түрде жер телімі болуы керек деген талап 2021 жылдың жазында қайта күшіне енді.

Шын сөзім

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2021 жылдың тамызында жасаған мәлімдемесі де  Мамытбековтың сөзін растап отыр. Агенттік субсидиялар сұлулық салондарына, фармацевтикалық компанияларға, техникалық қызмет көрсету станцияларына және ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ тағы басқа компанияларға төленгенін анықтады. Бұл шамамен 279 кәсіпкерлік субъектісі және 1 миллиард теңгеге жуық қаражат.

"Біз жері жоқ болса, субсидия да берілмеуі керек деп ескерттік. Себебі бұл жаппай жымқыруға, бюджет қаражатын талан-тараж етуге алып келетіні анық еді", - дейді Ибраев. Ол – Qoldau жүйесін әзірлеуге қатысқандардың бірі.

Сарапшының айтуынша, Qoldau жүйесінің жұмысына шағым көп түскендіктен, ауыл шаруашылығы министрлігі одан бас тартып, субсидиялау ережесін тым жеңілдетіп тастады.

"Бұл субсидия алуға өтініш беретін адамның еш дәйек ұсынбай, "шын сөзім" деп уәде етуіне негізделетін жүйеге айналды", - дейді Ибраев.

Түнгі бақылау

Алайда егін шаруашылығында қолданылып келе жатқан Qoldau-ға қатысты сұрақ аз емес.

Біріншіден, платформаны қолдану үшін әрбір кәсіпорын  11 АЕК немесе 32 087 теңге (2021 жылғы дерек бойынша) төлеуі керек. Осы жылы базада 31 819 шаруа қожалығы тіркелген. Сонда табыс көлемі 1 миллиард теңгеден асып отыр.

Қазақстан диқаншылар одағының басшысы Виктор Аслановтың айтуынша, Qoldau жете автоматтандырылмаған процесс. Себебі жүйеге ақша түскен жағдайда ғана өтінім бере алады.

"Ақша бөлу процесін ауыл шаруашылығы басқармасындағы платформаға кіре алатын қатардағы маман реттеп отырады. Ол жүйеге қолжетімділікті кез келген уақытта ашуы мүмкін. Таңғы сегіз немесе түнгі екіде ашса да өз еркі", - деді Асланов.

Асланов кейбір өтінім берушілерді белгілі бір уақытта өтінім қабылдау басталатыны туралы алдын ала ескертетін жағдай жиі болатынын айтты. Оларға тіпті құжаттарды алдын ала жүктеп қоюға мүмкіндік беретін көрінеді.

"Түнгі сағат екіде бөлінген 4 миллиард теңгені бес минутта бөліп алған процес жазылған видео бар. Әрбір өтінім беруші құжаттарды жүктеп, жүйенің мақұлдауын алуы керек. Мұның барлығы уақытты талап етеді", - дейді Асланов.

Жоғарыдан айтылған сын

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы іс-әрекетті реттеуді бірнеше рет талап еткен болатын.

"Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты жан-жаққа шашылады, олардың жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Экономикалық маңызы жағынан да нәтиже жоқ", - деді Тоқаев 4 қарашада өткен жиында.

Жаңалықтар
0