Қоғам

Оңтүстіктегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық статистикасы жарияланды

© Photo : Hans KretzmannДевочка закрыла лицо руками, иллюстративное фото
Девочка закрыла лицо руками, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.11.2021
Жазылу
Қазақстан балаларының төрттен бір бөлігі тұратын өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны былтырмен салыстырғанда 57%-ке өсті

АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Жыл басталғалы Түркістан облысында кәмелетке толмағандарға қатысты 200-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық және азғындық фактілері анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер мәлімдеді.

Мұндай мәліметтер балалар мен жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылық санының өсуіне байланысты қазанның соңында өңірге жіберілген "әдістемелік десанттың" жұмысы негізінде жарияланды.

"Осы жылдың тоғыз айында Түркістан облысында кәмелетке толмағандарға қатысты 212 қылмыстық құқық бұзушылық, 31 суицид фактісі, 28 сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі, 16 жасқа дейінгі адамдарға қатысты 24 сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, 15 жас баланы азғыру және кәмелетке толмаған 16 баланы зорлау фактісі болған", - деп мәлімдеді Раиса Шер Қазақстан Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сілтеме жасап.

Оқи отырыңыз: 17 адам жабылып зорлады деген қыз оқиғаның қалай болғанын айтты 

Мониторинг кезінде суицид жасаған балалар оқыған мектептерде көптеген заң бұзушылық анықталды. Бұл мектептерде тәрбие жұмысының жоспары болмаған, білім беру ұйымдарының психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік қызметтерінің жабдықталмағаны анықталды.

Сондай-ақ психологтардың жетіспейтіні белгілі болды. Мұнда бір маманға жүздеген оқушыдан келеді. Мысалы Түркістанда бір психологқа 850, Арыс қаласында – 465, Кентауда – 575, Отырар ауданында – 350 және Төле би ауданында 350 оқушыдан келеді.

Өңір мектептерін кешенді жабдықтауда да заң бұзушылықтар анықталды.

"Мектеп жиһазы оқушылардың ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Мұғалімдерге арналған жиһаз жоқ. Мысалы мұғалім үстелінің аяғы сынып, оның орнына шлакоблок қойылған", - деді ол.

Сондай-ақ Төлеби, Сарыағаш аудандарының кей мектебінде мектеп дәретханалары көшеде орналасқан.

"Түркістан облысындағы 40 нысанға бару оқу орындарының әкімшілігі, сондай-ақ облыстық, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің кәмелетке толмағандардың білім алу және даму құқықтарын толық көлемде қамтамасыз етпейтінін тағы да растады. Оқудан жалтарған жасөспірімдерге уақтылы шаралар қолданылмайды", - деп түйіндеді ол.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоаралық комиссия отырысында "педагогикалық десант" еліміздің барлық өңіріне жіберілетінін айтты. Олар енді Алматы облысына барады.

"Заң бұзушылықтар мен мәселелер жүйелі түрде болып тұрады. Сондықтан бізге нақты ұсыныстар әзірлеу, қажет болса заңнаманы өзгерту қажет. Біз үнемі тексеріп, үнемі бір нәрсемен бетпе-беп келетін болсақ, жағдай жақсы жаққа өзгермейді", - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға әкімшілік санкцияларды қатаң қолдану қажет.

Түркістан облысына жіберілген мониторинг тобына тәжірибелі және білікті әдіскерлер, психологтар, әлеуметтік педагогтар, түрлі бейіндегі білім беру ұйымдарының басшылары, адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы орталық өкілдері, сондай-ақ білім және ғылым министрлігінің аумақтық бөлімшелері ведомстволарының қызметкерлері кірді.

Топ облыстың тоғыз ауданын, сондай-ақ Түркістан, Арыс, Кентау қалаларындағы 40 білім беру ұйымын тексерді.

Жаңалықтар
0