НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша - Sputnik. Алматыда "Назарбаев зияткерлік мектебінде" жұмыс істеген және әйелін ұрып-соққаны үшін сотты болған шетелдік мұғалім жұмыстан кетті. Бұл ақпаратты мектептің баспасөз қызметі растады.
"Оның жұмыстан кеткенін ғана растай аламыз. Басқа ештеңе хабарлай алмаймыз. Қазіргі сәтте ешқандай қосымша түсініктеме бере алмаймыз",- деді оқу орнының баспасөз қызметінде.
Қазір білім ордасында қызметтік тексеру жүріп жатыр.
Ал Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Назарбаев зияткерлік мектебіндегі шетелдік мұғалімдердің шамадан тыс жоғары жалақысына назар аударуды ұсынды.
"Неге еліміздегі мұғалімдерге де айына 5 000 АҚШ доллары көлемінде жалақы төлемеске? Еңбек демалысы кезінде үйіне барып-келуге жұмсалатын жол ақысы да қарастырылған. Оның пәтерінің ақысы үшін де ақша біздің – салық төлеушілердің мойнында!", - деп жазды Смирнова Facebook-те.
Еске салары, "Не молчи" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дина Таңсәрі Назарбаев зияткерлік мектебінде бірнеше жыл бұрын әйелін ұрып-соққаны үшін сотталған және педагогикалық қызметтен шеттетілген шетелдік мұғалімнің жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Құқық қорғаушының сөзінше, ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған информатикадан сабақ беретін шетелдік мұғалім Алматы Назарбаев зиярткерлік мектебіне 2021 жылдың қыркүйегінде ауысқан. Оның алдында 2018 жылдың қазаны мен 2021 жылдың тамызы аралығында Талдықорғандағы Назарбаев мектебінде жұмыс істеген.
Осыдан кейін "Назарбаев зияткерлік мектебі" дербес білім беру мекемесінде осы мұғалімнің бірнеше жылдан бері информатика пәнінен сабақ беріп жүргенін растады. Алайда мектеп әкімшілігі ол жұмысқа орналасатын кезде 2018 жылдың30 қаңтарында берілген сотты болмағаны туралы анықтама ұсынғанын және сол құжат негізінде жұмысқа қабылданғанын мәлімдеді.
"Кезекті ашуы кезінде менің ішімдегі балам түсіп қалды. Бұл 2017 жылдың ақпан айы болатын. Бала түскеннен кейінгі кеште ол мені үйден қуа бастады, мен залға барып, одан тығылуға тырыстым және есікті итеріп тұрдым. Ол бар күшімен есікті ашып, мені бұрышқа тақады. Оған еш қауіп төніп тұрған жоқ болатын. Бірақ ол сонда да мені гитарамен басымнан бірнеше рет ұрды. Гитараның күл-паршашы шыққан кезде ғана ұруын тоқтатты", - деп мұғалімнің әйелінің сөзі келтірілген.
Назарбаев мектебіндегі оқушы өлімі
Өткен аптада Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша, жасөспірім мектептегі іс-шараға юбка киіп келген. Бұл тематикалық кеш болғандықтан, жасөспірім осылай қалжыңдағысы келген. Оның таныстары, ер баланың осы әрекетін көрген куратор оны мектеп психологына баруға мәжбүрлеген және дәл сол күні оқушы өз-өзіне қол жұмсаған.
Жасөспірім көз жұмғаннан кейінгі күні басқа НЗМ оқушылары акция ұйымдастырып, кейбір ұл балалар мектепке юбка киіп келген.
Мектеп әкімшілігі ұсынған ақпарат бойынша, баланың әкесі Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығына мәлімдеме жасап, отбасында болған қайғылы жағдайға, туыстары мен жақындарының көңіліне түсіністікпен қарауды, ұлының атын пайдаланбауды және әлеуметтік желілердегі кез-келген іс-шараларды, акциялар мен жазбаларды тоқтатуды сұрады.
Балалар омбудсменінің айтуынша, осы отбасы оқушыға қысым көрсету және оның психологиялық мәселелері туралы барлық болжамдар мен айыптаулардың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.