АЛМАТЫ, 2 қараша – Sputnik. Қазақстандық Мәриям Ишанғалиева Сочиде өткен "Супермодель – 2021" жас модельдер байқауында гран-при алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәриям небәрі сегіз жаста. Ол байқауға Атырау облысы Көптоғай ауылынан барған. Байқауға 25 елден келген қыздар қатысты.
Байқаудың ақтық кезеңі үш турдан тұрды: визит карточкасы, дефиле және шығармашылық. Мәриям байқау кезінде "Адай" күйін қосып, ұлттық киіммен сахнаға шықты. Осылайша қазылар алқасы Мәриямды жас модельдер байқауының жеңімпазы атына лайық деп таныды.

Мәриям байқау кезінде "Адай" күйін қосып, ұлттық киіммен сахнаға шықты
© Photo : Информационный ресурс ATPress.kz
Мәриям Ишанғалиева – Сәбит Мұқанов атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы. Қыз бұған дейін де қазақстандық байқауларда бақ сынаған, бірқатар жеңісі де бар.

