НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Huawei компаниясы инновацияларды сүйемелдеу және ресейлік ақпараттық-коммуникациялық технологиялар индустриясының тұрақты дамуына қолдау көрсету, сондай-ақ елде біліктілігі жоғары ІТ-мамандарды дайындау үшін Ресеймен ынтымақтастықты жалғастырады, деп мәлімдеді Huawei-дің Еуразия өңіріндегі президенті Дэниел Чжоу.
Ол Huawei-дің онлайн-режимде өткен "Цирфлық қауымдастық 2021" конференциясын ашқан пленарлық отырыста сөз сөйледі. Huawei Digital Community Conference (HDCC) – бизнесмендер, сарапшылар, саясаткерлер цирфландырудың негізгі трендтерін талқылайтын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ірі салалық конференция.
Чжоу айтқандай, 2020 жылдың наурызынан бастап Huawei компаниясы Ресейдегі ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға 1,1 миллиард доллар бағыттаған, Ресейдің ақпараттық-технологиялық саласындағы 15 200 маманды дайындаған, оның ішінде 5G технологиялары саласындағы бір жарым мың және ІР/ІТ саласындағы бес мыңға жуық сертификатталған маман бар.
"Huawei әлемдегі ең жақсы 5G желілерінің бірін құру үшін жаһандық операторлармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бүкіл әлемдегі 700-ден астам қала мен 267 компания цифрлық трансформация бойынша серіктес ретінде Huawei-ді таңдады. 5GtoB экожүйесі біртіндеп құрылуда", - деді ол.
Еуразия өңіріндегі президент аймақта бұлтты бизнес сияқты бағыттың қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті: көлемі жағынан Huawei Cloud Қытайда екінші, ал әлемде бесінші орынға шықты.
"Осы жылдың бірінші жартысында компанияның өсу көрсеткіштері өз тұрақтылығын сақтап қалды: кіріс 49,6 миллиард долларға жетті, таза табыс 9,8%-ті құрады", - деді Чжоу.
Ол 2020 жылдың наурызында Huawei компаниясы "Бірыңғай цифрлық болашақ қоғамдастығы" стратегиясын ұсынғанын, оны іске асыру компания мен оның ресейлік серіктестеріне бірыңғай цифрлық қоғамдастық құруға көмектесетінін атап өтті.
"Covid -19 пандемиясына байланысты біршама үдетілген осы стратегияны жүзеге асырған бір жарым жылдан кейін Huawei және оның ресейлік серіктестері тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Осылайша, "Жүйе" акционерлік қаржы корпорациясының бір бөлігі саналатын Sitronics Group-пен бірге біз Huawei технологиялары базасында алғашқы ресейлік серверді дайындадық. Ай сайынғы өндіріс көлемі 1500 бірлік болатын үш сервер моделі әзірленді", - деді Чжоу.
Сонымен қатар, Huawei мен "Сбер" бірлесіп кеңсе жұмысы және басқару тиімділігін айтарлықтай жақсартқан "ақылды кампусқа" арналған кешенді шешім дайындады. "Мысал ретінде Huawei экранында орнатылған "Сбер Салют" дыбысты көмекшісін немесе геолокация, музыка, әлеуметтік желілер мен электронды төлемдерді қамтитын "ақылды" сағаттарды айтуға болады", - деді Чжоу.
Ол 5G желісін лицензиялау процесі және бесінші буын желілерінің құрылысы жақындаған шақта индустрия мен операторлар 5G-ге арналған сынақ полигонына зәру. Мұндай полигон бизнес пен пайдаланушыларға арналған болашақ сценарийлерді тесттен өткізуге арналған бизнес-инкубатор қызметін атқарады.
"Бұл зертхана 5G қызметтерін инновациялау, тесттен өткізу және растау, сондай-ақ жаңа тиімді үлгілерді зерттеу үшін операторлармен, қосымшаларды әзірлеу және салалық интеграция бойынша операторлармен жұмыс істеуге арналған", - деді Чжоу.
Конференцияда SberData атқарушы директоры Борис Рабинович атап өткендей, Huawei компаниясымен ынтымақтастық "Сбер" мен оның клиенттері үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
"Біз деректерді сақтау құнын төрт есеге қысқартып, пайдаланушылар санын арттырғымыз келеді. Бұл өте ауқымды мақсат. Huawei компаниясымен серіктестігіміздің арқасында біз SberCloud бұлтты платформасын, сервистік инфрақұрылым әзірледік және клиенттерге аптасына жеті күн және тәулік бойы қолдау көрсетуді ұйымдастырдық. Біз Ресейде бірінші болып мұндай қолдауды қамтамасыз ете алдық. Біз барлық сервисті қолданып отырған жоқпыз. Бұл тек бастамасы ғана. Жалпы елуден астам сервис түрі болады", - деді Рабинович.
Өз кезегінде "Жүйе" АҚК стратегия жөніндегі атқарушы директоры Илья Этко ресейлік софт өндірушілер үшін халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігіне тоқталды.
"Алдағы он жылда жаңа сервистер түрі арта түседі. Олардың барлығын бір компанияның күшімен әзірлеу мүмкін емес. Сондықтан клиентке әр түрлі сервис ұсыну үшін өңірлік және халықаралық серіктестіктің рөлі маңызды болмақ. Нарық – жоғары бәсекеге толы, ол өте күрделі. Бірақ бұл осыған лайық екені сөзсіз, өйткені он жылдан кейін ол шамамен 3 триллион долларға бағаланады деген болжам бар. Осы нарықта бәсекеге қабілетті артықшылыққа қол жеткізген компаниялар ғана өте үлкен табысқа кенеледі", - деді Этко.
Ал "Ростелеком" жария акционерлік қоғамының стратегия және даму жөніндегі директоры Олеся Мамчур цифрландыру тек бизнес үшін ғана емес, мемлекет үшін соның ішінде медицина мен денсаулық сақтау саласы үшін де маңызды екенін айтты.
"Цифрландырудың мінсіз нұсқасы деп денсаулық сақтау, білім беру және басқа саладағы сапалы мемлекеттік қызмет дәрігер, науқас, мұғалімнің қажеттілігіне барынша сәйкес болатын жағдайды айтуға болады. Сол мінсіз нұсқа бойынша азаматтар туралы деректер бір сервисте сақталуы қажет және ол ақпаратты Ресейдің кез келген нүктесінде ашып қарау мүмкін болуы қамтылуы керек. Міне, осы тұста біздің алдымыздан түрлі сын-тәуекел шығып отыр", - деді Мамчур.
Талқылауда сөз сөйлеген Дэниел Чжоудың айтуынша, Ресейдің басты проблемасы – қашықтық. Егер Мәскеу мен Санкт-Петербургта цифрландыру деңгейі жоғары адам саны 20% құраса, қиыр шығыс немесе солтүстікте көп сервис әлі де қолжетімсіз.
"Осы бағытта біз Ростелекоммен, МТС-пен бірлесе жұмыс істеп, бүкіл Ресей бойынша желіні қамтуды жүзеге асыра аламыз. Ара қашықтықты есепке ала отырып, Ресей үшін әлдеқайда тиімді болатын желіні құру мәселесінде оңтайлы шешімдерді дайындап жатырмыз", - деді ол.
Пленарлық отырыс аясында Ресейде Nof+ технологиясы іске қосылды. Huawei компаниясының маркетинг және деректерді жолдау жүйесін сату департаментінің вице-президенті Лю Чжаньминь атап өткендей, Nof+ - бұл деректерді сақтау жүйесіне арналған желілік шешім.
"Бүгінгі таңда қосымшалар деректердің үлкен көлемін генерациядан өткізіп отыр. Ал бұл желілер мен деректерді жолдау жүйелеріне үлкен жүктеме түсіруде. Соңғы 5 жылда деректерді сақтау платформаларының қарқынды өсуі, бұлтты шешімдердің жылдам дамуы байқалады. Жедел флэш-жинақтауыштар қатты дисктерді ығыстырып тастады. Деректерді сақтау жүйелерін модернизациялағаннан кейін көптеген тапсырыс беруші желіде ресурстардың жетіспеушілігіне тап болуда", - деді Чжаньминь.
Оның айтуынша, Nof+ жүйесі көлемі үлкен деректерді сақтап қана қоймай, әлеуеті жағынан еш кем түспей, жылдамдығы бойынша қарапайым желіден асып түсе алады. Ауқымды деректер ешбір шығынсыз Ethernet желісі арқылы жолданады.
"Туындап отырған кейбір мәселеде желі және деректерді жолдаудың жоғары өткізгіштік қабілетіне қажеттілік туындап отыр. Huawei деректерді сақтау жүйесі мен басқа да жинақтауышқа арналған өз шешімін ұсынды. Біздің мамандар түрлі тестілеу жүргізіп, қызықты нәтижеге қол жеткізді. Қазір Nof+ нарықтағы ең жаңа технология болып отыр. Біз бұл әдісті бірінші болып сатып алдық", - деді Merlion компаниясының техникалық директоры Мигель Антонов.
HDCC көрмесі аясында сарапшылар, шенеуніктер мен софт әзірлеушілер пікірталас алаңдарына жиналып, саланы дамыту мәселелерін, соның ішінде АКТ-индустриясындағы локализациялау проблемаларын талқылады.
Біраз бұрын хабарлағанымыздай, ресейлік премьер-министр Михаил Мишустин тамыздың соңындағы ресейлік радиоэлектронды өнімге сұранысты қалыптастыруға арналған жиында сөз сөйлеп, жыл соңына дейін Ресейде кемінде он платформалық кросс-салалық жоба іске қосылатынын мәлімдеді. Ол жобалар экономиканың барлық саласында электронды өнеркәсіпті дамытуға және ресейлік шешімдерді енгізуге бағытталады.
"Жобалар вице-премьер Дмитрий Чернышенконың басшылық етуімен комиссия президиумы жанынан құрылған қоғамдық-сараптамалық кеңесте қаралады. Бұл кеңеске бизнестің 30 өкілі кіреді. Қазіргі уақытта қалыптасқан және енді әзірленіп жатқан (ақылды үй, робототехника) түрлі бағыт бойынша он екі құзірет орталығы құрылды. Қаралған және мақұлданған жобалардың 50%-ке дейін субсидия алу мүмкіндігі бар", - деді РФ Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрінің орынбасары Андрей Заренин.
Ал Sitronics Group компаниясы жоғары сапалы өнім дайындауға ықпал ететін әдістің бірімен бөлісті.
"Біздің компания жас. Ғылыми әзірлемелердің сапалы орталығын құру және бәсекеге қабілетті өнім дайындауға бізде уақыт болмады. Сондықтан біз Huawei компаниясымен серіктестік орнаттық. Енді бізде нарыққа жылдам кіру және интеллектуалды меншікке салым салу мүмкіндігі бар. Қазір дәл сол ресейлік процессорларға көп адам салым жасай бермейді. Себебі жеткізу уақыты ұзақ. Сондықтан өз тапсырысыңды алу үшін күтуге тура келеді", - дейді Sitronics Group компаниясының ақпараттық-коммуникациялар және аппараттық шешімдер жөніндегі вице-президенті Александр Трохин.