НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Алматы тұрғындары әлеуметтік желідегі танымал адамдардың жарнамасына сеніп, қыруар қаржысын жеке меншік компанияға салған. Алданғандардың арасында басқа қаланың тұрғындары да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Бізге келісімшартты әкеліп көрсетті. Оқыдық. Ал үшінші күні қоңырау шалып, "бөліп төлеу бар, тездетіп келіңдер, бүгін соңғы күн" деп бізді шақырып алды. Мен толық сомасын төледім, 850 мың теңге", - дейді Альмира Сарқұлова.
Оның айтуынша, компания өкілдері банктен есепшот ашуға уәде берген. Бірақ ол жалған болып шықты. Жәбірленушілер оны қыркүйек айында ғана білді.
Ал Қаракөз Жиенбаева Шымкентте жүріп, осы уақытқа дейін ештеңе білмеген.
"Мен ондай ешнәрсе естіген жоқпын. Осында келіп, біліп жатырмыз. Шымкент қаласынан бүгін таңертең келдік. Келсек, осындай болып жатыр. Басында адамдардың пікірін оқып, барғандардың видеосын көріп, шынымен де, солай деп ойлағанмын. Соның бәрін Instagram-нан көрдім", - дейді Жиенбаева.
Компания өкілдері қыркүйектің ортасынан бастап қоңырауға жауап бермей жүр.
Оқи отырыңыз: Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасының тағы бір басшысы құрықталды
Қалалық полицияның мәліметінше осы уақытқа дейін 40 адам арыз түсірген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Ал компания өкілдері ақша салғандарға бейнеүндеу жолдапты. Онда ер адам полицияға арыз түсірмеуді сұрайды.
"Ақшаны қайтарсын десеңіздер, өтінеміз, арыз жазбаңыздар. Қаласаңыз, жаза беруге болады. Бірақ онда бәрі созылып кетеді ", - дейді ол.
Бірақ жәбір көргендер адвокат жалдап, соттың көмегіне жүгінбекші.