АЛМАТЫ, 1 қараша — Sputnik. Қазгидромет мамандары қарашада республика бойынша ауа райы қандай болатынын айтты.
Консультативтік болжамға сәйкес, ай бастала сала елдің солтүстігі мен шығысында күн суытады.
"Бірінші онкүндіктің басында Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында, 3 қарашадан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде, онкүндіктің соңында республиканың солтүстік-батыс жартысында жаңбыр мен қар жауады. Тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді", - деп хабарлады мамандар.
3-4 қарашада республиканың басым бөлігінде батыс аймақтардан басқа жерлерде аяз болып, қысқы ауа райы орнайды.
Қазақстанның батысында түнде 0...+8°С-тан -5...+2°С-қа дейін, күндіз +10...+18°С-тан 0...+10°С-қа дейін төмендейді. Елдің солтүстік-батыс жартысында, орталығында және шығысында түнде -5...+5°С-тан -5...-15°С-қа дейін, қиыр шығыста -20°С-қа дейін, күндіз +2...+8°С-тан -3...-10°С-қа дейін төмендейді.
Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -3...+5°С-тан -1...-13°С-қа дейін, күндіз +10...+16°С-тан -5...+3°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Алайда қарашаның ортасынан бастап температура жоғарылайды.
"Екінші онкүндіктің бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Екпінді жел соғып, қар түрінде жауын-шашын жауады. Екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында және соңында температура төмендейді", - дейді синоптиктер.
Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында ең суық күндері сынап бағанасы түнде -17...-25°С-қа дейін, күндіз -8...-13°С-қа дейін, ал елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5...-17°С-қа дейін, күндіз -2...-7°С-қа дейін түсуі мүмкін.
Елдің солтүстігінде аяз беті қайтқан кезде термометр бағаны оң мәнге ауысады, ал оңтүстікте ауа температурасы +3...+12°С-қа дейін жоғарылайды.