НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Қазақстанның оңтүстігінде Өзбекстанмен бірлескен "Қалқан-2021" оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығу Гвардейск гарнизонында Қарулы күштердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында өтіп жатыр.
Елімізден 250-ге жуық әскери қызметші, 40-тан астам брондалған және автомобиль техникасы, он бірлік авиациялық техника, сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары қатысады.
"Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері қосымша тактикалық жасақ құрамында бірлескен арнайы операцияны ұйымдастыру және оны өткізу мәселелерін пысықтайды", - делінген хабарламада.
Оқу-жаттығу арнайы операцияны ұйымдастыру және өткізу барысында басқару органдары мен бөлімшелерінің іс-қимылдарының үйлесімділігін жетілдіруге, арнайы мақсаттағы бөлімшелер жеке құрамының машығын арттыруға, сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Қазақстан мен Өзбекстан Қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасындағы "Қалқан-2021" бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуы биылғы жылдың 5 қарашасында аяқталады.
Оқи отырыңыз: