Дерекқор

Қазақстанда ресейлік нөмірі бар көлікті тіркеуге қоймаса не болады

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобили в час пик в Нур-Султане
Автомобили в час пик в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.10.2021
Жазылу
Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген көліктер көбейіп келеді. Ал әкімшілік полиция көрші елден темір тұлпар алатындарға сақ болуға кеңес беріп отыр. Себебі арасында сот санкциясы салынған, тіпті, Ресейдің өзінде тіркеуде тұрмаған автомобильдер аз емес

Заң бойынша өзге есепте тұрмаған көлік Қазақстанда тұрақты тіркеуге қойылуы шарт. Sputnik Қазақстан ресейлік нөмірі бар көліктерді тіркеу тәртібін ұсынады.

Тұрақты тіркеуге қою

Қазақстанда көрші елдің көлігін тұрақты тіркеуге қою үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Сол жерде автомобиль рәсімдеудің бірнеше сатысы бар.

Олар:

  • утилизациялық алымды төлеу;
  • алғашқы тіркеудің ақысын төлеу;
  • көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті алу;
  • авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін алу.

Утилизациялық алымның мөлшері қандай

Автомобильдің қоршаған ортаға және адам денсаулығына зиянды әсері үшін утилизациялық алым төленеді. Ол айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Мәселен, 2021 жылда 1 АЕК 2 917 теңгені құрайды. Ал утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның нақты формуласы да бар.

  • Қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3  –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 437 550 теңге;
  • Қозғалтқыштың көлемі 2 000 см3 –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 7 (коэффициент) = 1 020 950 теңге;
  • Қозғалтқыштың көлемі 3 000 см3 –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 10 (коэффициент) = 1 458 500 теңге;
  • Қозғалтқыштың көлемі 3 001 см3 –ден жоғары - 50 АЕК (145 850) х 23 (коэффициент) = 3 354 550 теңге.

Айта кетер жәйт, айлық есептік көрсеткіштің мөлшері жыл сайын өсіп тұрады. Сондықтан утилизациялық алымның көлемі де көтеріле береді. Оны ӨКМ Операторының сайтында төлеуге мүмкіндік бар.

Алғашқы тіркеуге қою қымбатқа түсе ме

Көлікті мемлекеттік тіркеуге алғаш рет қойғаны үшін арнайы төлем қарастырылған. Ол да айлық есептік көрсеткішпен есептеледі және көліктің шығарылған жылы ескеріледі.

  • 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 729 теңге;
  • 2-3 жыл – 50 АЕК – 145 850 теңге;
  • 3 жылдан жоғары – 500 АЕК – 1 458 500 теңге.

Осы талаптар жолаушының орны 8-ден аспайтын жеңіл көліктерге таралады. Ал электр қозғалтқышпен жүретін автомобильдер екі есе аз төлейді.

Қауіпсіздік куәлігі қалай беріледі?

Көлік Қазақстанның техникалық регламентіне сай болуы шарт. Ол үшін көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті алу қажет. Оны облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан сертификат орталықтарында рәсімдейді. Соған барып, өтініш жазу керек. Құжаттар да тапсырылады.

Олар:

  • көлік иесінің жеке куәлігі;
  • сату-сатып алу келісімшарты;
  • шетелдің техникалық төлқұжаты;
  • көліктің фотосы (төрт жағынын және капоттың астын түсіреді);
  • VIN-код пен қозғалтқыштың мәліметтері.

Орталық мамандары барлық құжаттың негізінде автомобильдің сәйкестендіру нөмірін тексереді. Одан кейін көлікті қарап шығады. Темір тұлпар "Евро-4", "Евро-5" немесе "Евро-6" талаптарына сай болуы шарт. Бұдан бөлек, нақты құрылғылары болуы керек. Атап айтқанда:

- тежегіштің бұғатталуға қарсы жүйесі;

- алдыңғы қауіпсіздік көпшігі;

- Isofix бекіту жүйесі;

- күндізгі шамдар;

- авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру батырмасы.

Қауіпсіздік батырмасы Ғарыш техникасы мен технологиялары институтында тіркелуі шарт. SOS батырмасы болмаса, оны мамандандырылған фирмаларда орнатуға болады. Оған да ақша шығару қажет.

Көлікті тұрақты тіркеуге қоймаса, не болады?

Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмаған көліктер бір жыл жүре алады. Одан кейін оны шығару қажет. Бір айдан кейін қайтадан кіруге болады. Техникалық байқаудан шет елде өтуге тура келеді. Салық та сол жерде төленеді.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, бүгінде көрші елден келетін көліктердің ішінде сот үкімімен шектеу қойылған автомобильдер аз емес. Оны кез келген уақытта арыз түсірген адамға өндіріп беруі мүмкін. Мәселен, Қазақстанда жүрген бір ресейлік көлікке сотпен 100-ге жуық шектеу салынған. Осылайша, сот талабы орындалмайынша көлікті тіркеуден шығаруға да, қоюға да рұқсат жоқ.

Оқи отырыңыз: Министр автокөліктерге арналған VIP нөмірлер тізімін кеңейтуді ұсынды

Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктер де кездеседі. Сосын шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай көліктер де тәркіленіп, иесіне қайтарылады. Ал оны сатып алған адам шығынға батады.

"Мәселен, тексеріс кезінде Павлодар, Өскемен мен Семей қалаларында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 80 ресейлік автокөлік анықталды. Сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Ал, шын мәнінде, олай емес, тіркеуге қойылған да жоқ. Қазіргі кезде Ресейдің ішкі істер министрлігіне тиісті хат жолданды. Жауабы келгеннен кейін заң бойынша тиісті шаралар қолға алынады", - дейді Түсіпов.

Шетелдік нөмірі бар көлікті сатып алудың тағы бір қаупі бар. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлемеймін деп, кез келген уақытта одан бас тарта салады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды.

Жаңалықтар
0