Өңірлер

Семейде жатақхана студенттері жаппай уланып қалды

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.10.2021
Жазылу
Студенттер жаппай медициналық көмекке жүгінді. Кінәлі студент оқудан шығарылуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Семейде жатақхана студенттері бұрышты газ баллонынан шашылған газдан уланып қалды.

Электротехника колледжі басшылығының мәліметінше, 29 қазан 23:30-да төртінші курс студенті жатақхана бөлмесінде байқаусызда бұрышты газ баллонынан аэрозоль шашқан. Салдарынан 14 студенттің көзі қызарып кетті.

Колледж әкімшілігі шұғыл шара қабылдады – жедел жәрдем мен полиция шақырды, деп хабарлайды Arnapress.kz қалалық ақпарат орталығына сілтеме жасап.

"Жатақхананың кіреберісінде күзет жіті тексереді, бірақ өкінішке қарай, бұл жолы баллонды анықтау мүмкін болмады. Өйткені ол өте кішкентай. Студент оны қалтасына салған. Сағат 23:00-де студенттер ұйықтайды. Жігіт те соны күткен болуы керек, 23:30-да баллонды басып қалған. Бұл камерадан да көрінеді. Салдарынан жатақханада дүрбелең болды, студенттер тынысы тарылып, көшеге жүгіріп шықты", − деді колледж директоры Марат Серікболұлы.

14 адам зардап шеккен, олар, негізінен, медицина колледжінің студенттері. Көздері қызарған студенттер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Газ шашқан студенттің үстінен ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды.

"Біз Үржарда тұратын ата-анасын шақырдық, қазір олар жолда. Жас жігітті оқудан шығару түрінде жаза күтіп тұр. Колледждің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары мен басқа да қызметкерлерге сөгіс жарияланады", – деді Марат Серікболұлы.

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен студенттердің жағдайы тұрақты, денсаулығына қауіп жоқ. Кейбірі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

"Бүгінде университеттің стационарлық госпиталінде белгісіз газдан уланған 14 бала бар. Кеше оларға шұғыл көмек көрсетілді. Алтауы бірден үйіне жіберілді. Қазір ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Паиценттер бақылауда. Түнде сегіз адам жансақтауда жатты, бірақ таңертең беті бері қараған соң, кәдімгі палатаға ауыстырдық", – деп мәлімдеді "СМУ" КЕАҚ университет госпиталінің кезекші педиатрі Балжан Олжаева.

Оқи отырыңыз: Тойда 120 адам жылқы етінен уланды

Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-тармағы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚПК 201-бабына сәйкес тергеудің өзге де мәліметтері жария етілмейді.

Электротехника колледжінің жатақханасында 291 адам тұрады, оның ішінде 99 – электротехника колледжінің студенті, 173 – "Семей" медицина колледжінің студенті, 18 бала Қазтұтынуодағының агробизнес және экономика колледжінде оқыса, біреуі медицина университетінде білім алады.

Жаңалықтар
0