НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыдағы мектеп оқушысының өліміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Комитет көз жұмған 8-сынып оқушысының ата-анасы мен жақындарына көңіл айта отырып, әлеуметтік желіде қарама-қайшы ақпараттың тарап жатқанын мәлімдеді.
"Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері оқушының ата-анасымен байланыс орнатты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесі үшін оқиғаның мән-жайы жария етілмейді. Тергеу нәтижесі бойынша қажетті шаралар қабылданады. Сондықтан тергеу амалдарынан кейінгі ресми қорытындыны күтуіміз қажет", - делінген ресми ақпаратта.
Осы орайда комитет ата-аналарды, мұғалімдер мен мектеп басшыларын балаларға мейірімділік танытуға шақырды.
"Өйткені балаларымыздың өмірі мен денсаулығы қоғамның басты құндылығы саналады", - делінген мәлімдемеде.
Оқушының өлімі
Алматыда химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы көз жұмды. Қаланың полиция департаменті суицид болғанын растады.
Қайғылы оқиға 27 қазанда болған. Ал мектеп мұның сабақтан тыс уақытта болғанын хабарлады.
Мессенджерде тараған ақпаратқа сәйкес, 8-сынып оқушысы мұндай әрекетке мектеп психологымен болған әңгімеден кейін барған. Полиция департаменті оқушы өз үйінің 11-қабатынан секіріп кеткенін хабарлады.
Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Оқи отырыңыз: Алматыда Назарбаев мектебінің оқушысы өзіне қол салды – полиция түсініктемесі
Мессенджерде тараған ақпаратқа сәйкес, сәрсенбіде оқушы Гарри Потер стилінде киінген, ол әзіл үшін белдемше таққан. Оған кураторы дауыс көтеріп, күштеп психологқа апарған. Бала психологпен әңгімеден кейін терезеден секіріп кеткен.
Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі де оқушының суицид жасағанын растады. Алайда оқушы мен психологқа қатысты пікір білдірмеді.
"Назарбаев зияткерлік мектебі әкімшілігі 2021 жылдың 27 қазанында оқушы сабақтан тыс кезде қайғылы жағдайға ұшырағанын растайды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады мектептің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың және тергеу мүддесі үшін мектеп қосымша ақпаратты бере алмайтынын жеткізді.