Экономика

Әуе отыны тапшы, билет қымбаттауы мүмкін: SCAT үкіметтен көмек сұрады

Жазылу
SCAT әуекомпаниясы жанармай мәселесі билет бағасының өсуіне әкеледі деп алаңдаушылық білдірді

АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Қазақстандық SCAT әуекомпаниясы ұшақ керосині айтарлықтай азайғанын мәлімдеді.

Әуетасымалдаушы компания ақпаратына сәйкес, Қазақстанның үш қаласында жағдай ушығып кетті. Ақтауда отын қоры алдағы төрт күнге, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтанда екі күнге ғана жетеді.

"Ұшу кестесін 100% орындалуын қамтамасыз етуге тырыстық. Алайда отынның қажетті көлемін ала алмай, Қазақстандағы көптеген әуежайда компанияның жанармай қоры сарқылды", - деп мәлімдеді SCAT.

Нұр-Сұлтаннаншығатын рейстер 19 қазанда тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған. Соған байланысты компания екі еселенген тариф бойынша аз мөлшерде отын сатып алған. Алайда ол екі күнге ғана жетеді.

"Ақтау, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан әуежайларында ұшақ керосині де таусылды", - деп атап өтті компания.

Ұшақ отыны өндірісі көлемінің едәуір төмендеуі тасымалдаушы компанияның аз мөлшердегі отынды әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүр еткен.

"Бұл ұшу кестесінің толықтай үздіксіз орындалуын қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне билет құнына әсер етуі мүмкін. Себебі әуе отыны билет құнының кемінде 40%-ін алады. Яғни, жолаушы зардап шегеді", - деді әуекомпания.

Сонымен қатар әуекомпания шетелдік экспорттаушылар есебінен де бұл мәселені шеше алмайды. Себебі шетел нарығында да отынға деген сұраныс жоғары.

Осы жағдайға байланысты Қазақстанның авиация нарығының барлық субъектілеріне әуе отынын үздіксіз жеткізу үшін үкімет шұғыл араласуы қажет, деп қорытындылады компания.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әуежайы әуе отыны мәселесіне шағымданды. Олар тұрақты жолаушылар рейстерінде де отын жеткіліксіз екенін және "әуежайдағы резерв таусылғанын" айтты.

Air Astana авиакомпаниясын қоспағанда, барлық компания осы мәселемен бетпе-бет келді.

Энергетика министрлігі не дейді

Қазақстанның энергетика министрлігі Нұр-Сұлтан әуежайындағы жағдайға байланысты жауап берді. Министрлік қыркүйектің басында Қазақстанның барлық әуежайы мен әуе компанияларына әуе отынын шығаратын Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары туралы ескертілгенін айтты.

"Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы бойынша жағдайды шешу мақсатында бірқатар шаралар қабылданды. Қазанда мұнай өңдеу зауыттарында қосымша 2000 тонна әуе отыны шығарылады, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қосымша көлем бөлінеді. Ірі жеткізушілер қарашаға арналған көлемдер бойынша жедел келісімшарттар жасасады және мұнай өңдеу зауыттарынан жөнелтуді жеделдетеді", - деп мәлімдеді министрлік.

Ірі жеткізушілердің бірі Нұр-Сұлтан әуежайына қосымша 700 тонна авиаотын жеткізеді.

Сонымен қатар энергетика министрлігі әуежайларға қажетті отын көлемін тек ірі ғана емес, шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуға кеңес берді.

Жаңалықтар
0