Спорт

"Астананың" бас бапкері: мені жаттықтыру құқығынан екі жылға айыру заңды ма?

© Photo : Пресс-служба ФК "Астана"Андрей Тихонов
Андрей Тихонов - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2021
Жазылу
Ол не себепті екі жылға қандай да бір қазақстандық клубты жаттықтыру құқығынан айырылғанын түсінбей отырғанын жеткізді. Айтуынша, жағдайға байланысты ешқандай талқылау болмаған, бапкердің сөзін ешкім тыңдамаған

АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Алматының орталық стадионында 24 қазанда "Астана" мен "Қайрат" матчының бірінші таймында елордалық команда матч кезінде ойын алаңынан бірнеше минутқа кетіп қалды.

Соған байланысты "Астана" футбол командасының бас бапкерін екі жылға жаттықтыру құқығынан айыру туралы жаңалық тарады. Клубтың бас бапкері Андрей Тихонов жағдайға байланысты ойын айтты, деп хабарлады Sports.ru.

"Мен бұл шешім ненің негізінде шығарылғанын түсіне алмай отырмын. Жағдайға қатысты ешқандай талқылау болған жоқ, мені ешқайда шақырмады, ешкім тыңдаған жоқ. Енді мені екі жылға жаттықтыру құқығынан айыру заңды ма деген сұрақ қызықтырып отыр. Тәртіптік регламентте осындай ұзақ мерзімді жаза көрсетілген тармақ бар ма? Мен тағы да қайталаймын: алаңнан кету туралы шешімді команда қабылдады, мен тек жігіттермен келістім", - деп атап өтті жаттықтырушы.

Тихонов "Астананы" 2020 жылдың қазанынан бастап басқарып келеді. Қазір клуб чемпионатта 25 турдан кейін 56 ұпаймен екінші орында тұр. Егер оны дисквалификациялау туралы шешім қайта қаралмаса, ресейлік маман екі жыл бойы қазақстандық клубтармен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады.

Қазанның ортасында Тихонов биыл "Астанадан" кетуі мүмкін деген ақпарат тарады, алайда клуб бұл қауесетті жоққа шығарды.

"Бірқатар БАҚ-та команданың бас жаттықтырушысы Андрей Тихоновпен еңбек қатынасының аяқталғаны туралы ақпарат жарияланды. Клуб бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді: команда штаттық режимде Қазақстан чемпионаты мен кубогындағы ойындарға дайындық пен жаттығу процесін жалғастырып жатыр", - делінген клубтың "Астана" - "Қайрат" матчы қарсаңындағы ресми мәлімдемесінде.

Қазанның басында Андрей Тихонов Sputnik Қазақстан тілшісіне көлемді сұхбат берді.

Жаңалықтар
0